Елімізде көмірдің айтарлықтай қымбаттағаны туралы ақпаратқа министрлік өкілдері пікір білдірді

Опубликовано:

Көмір
Көмір. Көрнекі фото: Pexels

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаевтың төрағалығымен халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ведомствоның ресми сайты.

Министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірлік операторларды қазақстандық банктердің бірінің платформасына қосу жұмыстары жалғасуда.

"Қазір 428 өңірлік оператордың тек екеуі ғана осы платформа арқылы көмірді әлеуметтік бағамен саудалайды. Атап айтқанда, Қостанай облысы мен Алматы қаласында орналасқан операторлар. Ендігі кезекте платформаға қосылу үшін Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Қарағанды және Жамбыл облыстары тарапынан өтінімдер келіп түскен", - дейді ведомство өкілдері.

Индустриялық даму комитеті төрағасы И.Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірлерге қажетті 9 млн тонна көмірдің 4 млн тоннасы жеткізілген.

"Қамтамасыз ету көрсеткіштері мен қажеттілік көлемінің төмендеуі жергілікті атқарушы органдардың жылыту маусымына халықтың жылдық жоспарлы қажеттілік көлеміне енгізген түзетулеріне байланысты екенін атап өткен жөн", - делінген ведомство хабарламасында.

Одан бөлек Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдері кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тараған еліміз бойынша көмірдің бағасы айтарлықтай өскені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

"Разрездердегі көмірдің құны өткен жылғы деңгейде сақталған. Мәселен, Қазақстандағы ең ірі көмір өндірушілердің бірі "Шұбаркөл Көмір" АҚ бір тонна көмірді 5 500 теңгеден сатса, "Майкубен-Вест" ЖШС көмірді 6 105 теңгеден, ал "Қаражыра" АҚ тоннасына 8 300 теңгеден саудалайды. Бұдан басқа, географиялық орналасуы, тасымалдау әдісі және көмір маркасына байланысты құны тоннасына 8 мыңнан (разрезге жақын орналасқан елдімекендерде) 21 600 теңгеге дейін ауытқиды", - деп түсіндіреді министрліктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ведомство жалпы халықты қатты отынмен қамтамасыз ету үшін министрлік тарапынан бірқатар нақты шара қабылданғанын атап өткен. Мәселен алдағы жылыту маусымы кезеңінде отын тапшылығын болдырмау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жылыту маусымы кезеңінде автомобиль көлігімен көмірді елден тыс жерге шығаруды 6 айға шектеу туралы бұйрық қабылдаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992832-elimizde-komirdin-aitarlyqtai-qymbattagany-turaly-aqparatqa-ministrlik-okilderi-pikir-bildirdi/