"Ол ыңғайлы және қауіпсіз": Бағдат Мусин мемлекеттік қызмет порталдарында ЭСҚ орнын QR басатынын айтты

Опубликовано:

Көрнекі сурет
Көрнекі сурет. Фото: facebook.com/BagdatMussin

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жақын арада QR барлық мемлекеттік қызмет порталдарында ЭСҚ-ның орнын басатынын айтты. Бұл жайлы министр Facebook парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Бүгін Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысын өткіздік. Күн тәртібінде электронды-цифрлық қолтаңбадан бас тарту, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан құжаттар алу, емханаға тіркелу және бизнеске арналған қызметтерді жетілдіру мәселелері қарастырылды.

Менің ойымша, біз бірінші кезекте халыққа электрондық қызметтерді пайдалану ыңғайлы екеніне көз жеткізуіміз керек. Қазіргі уақытта QR арқылы қол қою механизмі әзірленді, ол ыңғайлы және қауіпсіз. Оны барлық порталдарға енгізу ғана қалды. Бұл жұмысты жандандыру және NCALayer жүйесінен толық бас тарту бойынша тапсырма бердім", - деді министр.

Ол осы өзгерістер арқылы тұрғындардың халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, қызметтерді электронды түрде уақытында ала алатынын жеткізді.

"Отырыс барысында мынандай мәселе көтерілді. Кейбір жағдайларда қызмет алушылар қандай да бір құжаттың дайын болғаны туралы СМС хабарлама алып, ХҚКО-ға келгенде оның әлі жеткізілмегенін біліп жатады. Біз бұл қызметті жетілдіріп жатқанымызды және жақын уақытта адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарына қайта келмей, қызметтерді электрондық түрде, уақытында алатынын атап өтемін", - деді Мусин.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің мәліметінше, енді емханаға тіркелу процесі де толық автоматтандырылады.

"Сондай-ақ, жақын арада емханаға тіркелу процесін толық автоматтандыру жоспарлануда. Мұндай бастаманы Денсаулық сақтау министрлігі ұсынды. Яғни, өтініштер қағаз түрінде қаралмайды, жүйенің өзі бәрін тексереді және тіркейді, ал көшкен кезде адамға жаңа тұрғылықты жері бойынша емхана ұсынылады.

Сонымен қатар, бүгін Әділет министрлігінің бастамасымен деректерді өзгерту процестерін жеңілдету, мысалы, тіркеу мекенжайын өзгертуге қатысты ұсыныс қаралды. Бұл қызмет банктердің қосымшаларында қолжетімді болады. Тек техникалық тұрғыда іске асыру ғана қалды, сондықтан мен бұл жұмыстарды жеделдетуді тапсырдым", - деді министр.

Бағдат Мусин сонымен қатар келесі жылдан бастап шетелдіктер үшін төлем енгізу механизмін әзірлеуді тапсырғанын айтты.

"Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтер үшін төлем енгізу жағдайы талқыланды. Шетелдіктердің қызмет алуы кезінде ақы төлеу жүйесін енгізуге баса назар аударылды. Мен мүдделі мемлекеттік органдардағы (ішкі істер министрлігі, әділет министрлігі, қаржы министрлігі) мен Үкіметтегі әріптестеріме азаматтарға келесі жылдан бастап шетелдіктер үшін төлем енгізу механизмін әзірлеуді тапсырдым", - деді министр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1992838-ol-yngaily-zane-qauipsiz-bagdat-musin-memlekettik-qyzmet-portaldarynda-esq-ornyn-qr-basatynyn-aitty/