Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Дәрігер қыздарға үйлену керек": Ақтөбеде ауыл әкімі медқызметкерлер тапшылығын шешудің ерекше амалын ұсынды

Опубликовано:

Мұғалжар ауданы
Мұғалжар ауданы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Еліміздегі аумағы бойынша ең үлкен Ақтөбе облысының ең ірі және бай ауданы туралы не білеміз? Қойнауынан алтын кенін қазып, мұнай бұрғылап, қазынасы "қара алтынға" толы аудандағы халықтың тұрмысы қалай? Экономикасы тәуір ауданда жол мәселесі неге жауыр боп тұр. Бұл сұраққа өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілшісі жауап іздеп көрді.

Облыс орталығынан 90 шақырым қашықтықта жатқан Мұғалжар ауданына арнайы бардық. Аудан орталығы-Қандыағаш қаласы. Мұнда 41 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 15-і мұнай газ компаниясы. Аудандағы орташа жалақы – 289 мың теңгеден асады.

Ақтөбеліктер үшін жанға бататын жол мәселесі бұл ауданды да айналып өтпейді. Аудан аумағындағы 406 шақырымды құрайтын жолдың 62 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Келесі жылы бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарланған. Аудан орталығы Қандығаш қаласындағы 52 көшенің тең жартысында асфальт жоқ.

"Жол - халықтың назы. Біз көшелерді жөндейміз, ауыларалық жолдар қалып қояды. Ауыларалық жолдарға күш салсақ, ауыл іші "балшыққа батып жатырмыз" дейді. Ауданда құрылыс қарқыны да, өсім де жоғары. Қазір сын көтермей тұрған кіре беріс жолдарда жұмыс жүріп жатыр. Жол жөндеу жұмысы бәсеңдеп қалмас үшін «техника келді ме, қиыршық тас жеткізілді ме» деп күнделікті қадағалап, прораб секілді қарап жүреміз", - дейді аудан әкімі Асқар Шериязданов.

Аумақтағы 34 елдімекен 3 қала 12 ауылдық округке біріктірілген. Мұндағы 5 ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылмаған. Аудан әкімі бұл мәселенің 2025 жылға дейін толық шешілетінін айтып сендірді.

Әкім мектепте сабақ береді

Мұғалжарда 36 мектеп бар. Жаңадан тағы 4 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ауылдарды жиі аралайтынын айтқан аудан әкімі мектептерге "Әкім сабағын" жиі ұйымдастыратынын айтып қалды.

"Ауылдарға барғанда мұғалімдермен бөлек сөйлесемін. Мектептерде 9,10,11 сынып оқушыларын жинап, "әкім сабағын" өткіземін. Біздің ауданда 41 кәсіпорын жұмыс істейді. Сол жерге қажет мамандар тізімін көрсетіп, ол үшін таңдау қажет пәндерді айтамын. 300 баланың 20-сына ой салсам да жетістік.

Аудан айналасында қандай кәсіпорындар бар екенін балалар біле бермейді. Сондықтан мамандықтар мен олардың жалақыларына дейін тізіп көрсетемін. Біздің қазақ балалар ұяң боп келеді. Көп сұрақ қоя бермейді. Өзге ұлт өкілдері сауалды көбірек қояды. Олар батылдау көрінеді.

"Бұл мамандықпен бітіріп келгенде мені қабылдай ма" деп ашығын сұрайды. Бізде жастар практикасы бар. Дипломмен келген жас маманды жұмыспен қамту орталығына тіркеп, кәсіпорынға жібереміз. Жалақы бюджеттен төленеді. Бір жыл тәжірибе жинайды. Келесі жылдан бастап мекеме өздері жұмысқа қабылдайды. Әлеуметтік жұмыс орны туралы түсіндіремін. Онда 35 пайызды мемлекет төлейді", - деді аудан әкімі.

Ауданда 200-ден аса адамға осындай жүйемен жалақы төленеді.

Мұғалжар аумағындағы 41 кәсіпорынның бәрі бірдей салықты ауданға төлемейді. Ірі компаниялар салығы республика, облыс бюджеттеріне түседі. 30-ға жуық кәсіпорын салығымен аудан бюджеті 12 млн теңгені құрайды.

Қандыағаш ауылында
Қандыағаш ауылында. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мүгедектігі бар балалар көп

67 мыңнан аса халқы бар ауданда 144 баланың мүгедектігі бар. Облыстық білім басқармасы тарапынан психологиялық-педогогикалық түзету кабинеті жұмыс істеп тұр. 2007 жылы жеті баламен ашылған орталыққа қазір 122 бала келеді.

"Мүгедектігі бар балалардың жағдайы ауыр. Ата-аналары жиі келіп, мәселелерін айтады. Барынша көмек көрсетеміз. "Бір мезгіл анасы босап, демалсын" деген оймен орталықта балаға медициналық көмек көрсетіліп, психологиялық ойындар ұйымдастырылады.

Жатып қалған, өздері тамақ іше алмайтын балалар бар. Қазір 74 мемлекет энергетикалық сусын, "чипсы" секілді тағамдардан бас тартып отыр. Дамыған мемлекеттер ондай тауарларды тұтынбайды. Экологияның да белгілі бір әсері болар, бірақ зиянды қоспалары көп тамақ пайдаланбаған дұрыс",- дейді әкім.

Қандыағаш ауылында
Қандыағаш ауылында. Фото: KAZ.NUR.KZ

Әкім дәрігер келін іздейді

Аудан әкімі алыстаға ауылдың дәрігерлік амбулаторияларына маман тұрақтата алмай отырғанын айтып ағынан жарылды. Медициналық университетте 9 жыл оқыған жас маманға үш жыл өңірлерге барып жұмыс істеу міндеттелгенмен, ауылда тұрақтап қалып жатқандар жоқ.

"Жастар ауылда үлкен кісілердің қан қысымын өлшеп, система қойып жүргеннен орталыққа барып, өзін дамытқысы келеді. Онкологиялық, кардиологиялық орталықтарда жұмыс істегенді дұрыс санайды. Ауылға тек жергілікті балалар немесе келін болып түскендер қалуы мүмкін. Қалғандарын ұстап тұру мүмкін емес. Миллиондап төлесең де 2-3 жылдан кейін білімін жетілдіргісі келетінін айтып кетіп қалады. Сондықтан ауылдың балалары медбике мен дәрігерлерге үйлену керек", - дейді ауданның жайын баяндаған әкім.

Паранджа жамылғандар жоқ емес

Мұғалжар өңірдегі діни ахуалы күрделі аудандардың бірі. Дәстүрлі емес дінде жүрген 300-ден аса адам есепте тұр. Дені 30 бен 40 жас аралығындағы тепсе темір үзетін азаматтар.

Қандыағаш ауылында
Қандыағаш ауылында. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Өте нәзік тақырып. Мен зайырлы мемлекеттің қызметкерімін. Олармен жұмыс жүргізуге арнайы мамандар шақырамын, тыңдаймын. Объективті қарауға тырысамын. Теологтар «қазір тыңдайды, қарсы шықпайды, айқайламайды» деп әлдеқайда бейімделгенін айтып жатады. Дегенмен мәселе бар, жұмыстар тоқтаған жоқ", - деді әкім.

Қойнауы пайдалы қазбаға бай аудан мал шаруашылығын да қатар жүргізіп отыр. Мұнда 470 шаруа қожалығы бар. Бір ауладан өріске 40-50 сиыр, 100 қойға дейін шығарып отырған ауылдар бар.

Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1993600-aqtobenin-en-bai-audanynyn-akimi-mektepte-qandai-sabaq-otkizip-zur/

pixel