ІІМ азаматтарға тұрғылықты жері бойынша тіркелу қажеттігін ескертіп, SMS-хабарламалар жібере бастады
Опубликовано:

ІІМ 21 қазаннан бастап тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтарға SMS-хабарламалар жіберіле бастағанын мәлім етті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, егер азаматтарға осындай мәтіндегі SMS-хабарлама келетін болса, онда ІІМ дерекқорында олардың тіркелуі туралы мәлімет жоқ дегенді білдіреді.
Сондықтан министрлік азаматтарға тұрғылықты жері бойынша тіркелу қажеттігін ескертеді.
"Мұндай хабарламаларды жіберудің мақсаты нақты тұратын жері бойынша тіркеуде тұрмауға байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан осал азаматтарға қосымша қаржылық жүктемені азайту (әкімшілік жауапкершілікке тартуды болдырмау үшін)", - деп жазады басылым.
Ақпараттық медиа-порталдың жазуынша, бүгінгі күні тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұрмағаны үшін 10 күннен 1 айға дейін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілік, 1 айдан асса 7 айлық есептік көрсеткіш немесе 21 441 теңге мөлшерінде айыппұл қарастырылған ("Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодекстің 492-бабы).
Айта кетейік, қазіргі уақытта тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметі Электрондық үкімет порталында, сондай-ақ Halyk Bank-тің "Halyk Homebank" мобильді қосымшасында қолжетімді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1993730-iim-azamattarga-turgylyqty-zeri-boiynsa-tirkelu-qazettigin-eskertip-sms-xabarlamalar-zibere-bastady/