Ақмола полицейлері ұқсас екі көлікті анықтады (фото)
Опубликовано:

Ақмола облыстық патрульдік полиция ротасының қызметкерлері ұқсас екі көлікті анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылым мәліметінше, 20 қазанда Астана-Қорғалжын автожолының 29 шақырымында полиция қызметкерлері Медет Шаймерденов пен Нұртілек Нарегеев Целиноград ауданы Талапкер ауылының 21 жастағы тұрғынының басқаруындағы шетелдік есептегі Toyota Estima автокөлігін тоқтатқан.
Белгілі болғандай, дәл осындай маркалы, нөмірі ұқсас автокөлік Батыс Қазақстан облысында тіркелген. Банктік қосымшада көліктің түпнұсқасының иесіне биылғы жылдың 27-29 қыркүйегі аралығында Ақмола облысының аумағында жасалған яғни жылдамдық режимін бұзғаны үшін айыппұлдар туралы хабарламалар келіп түскен.
Шетелдік көлік иесінің айтуынша, ол осы кезеңде Ақмола облысында болмаған. 36 жастағы қазақстандық бұл мәселе жайында полицияға жүгінген.
"Бұл фактіге сәйкес Қылмыстық кодекстің 386-бабының 1-бөлігі ("Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі бар көлік құралын өткізу") бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде", - деп хабарлайды басылым.
Сондай-ақ басылым ұқсас көліктер айыппұл тұрағына қойылғанын, полиция сараптама тағайындап, тексеру жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1994016-aqmola-policeileri-uqsas-eki-kolikti-anyqtady-foto/