Ақтөбеде шекарашылар археологиялық құнды жәдігерді тасымалдаған адамды ұстады

Опубликовано:

ұсталды
Көрнекі фото: pexels.com

Ақтөбедегі Әлімбет шекара бекетінде құнды жәдігерді алып өтпек болған Ресей азаматы ұсталды. Барлығы 26 дана жәдігерді археологтар қарап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысы аумағындағы Әлімбет шекара бекетінің шекарашылары көлік ішін қару кезінде күдікке іліккен затты тапты. Ашып қараған кезде онда бір уыс жебенің ұшы табылды.

"Ресей азаматынан 26 дана археологиялық құнды жәдігер табылды. Оның сөзінше Әйтеке би ауданына балық аулауға келгенде, тауып алған. Бірақ қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Біз бар тапқан құнды дүниені музейге тапсырдық", - деді ҰКК Шекара қызметі АОД әскери қызметшісі Ринат Магрупбеков.

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали табылған жәдігердің құнды екенін айтты.

"Музейдің археолог мамандары бұл дүниелерді тарихи-мәдени құнды жәдігер деп отыр. Темір дәуіріне жататын үш қырлы қола жебе, қола дәуіріне жататын жебенің ұшы, орта ғасырларға жататын темірден жасалған жебе ұштары бар.

Күмістен жасалған әшекей мен ат әбзелі, яғни, жүгенінің доғасы анықталып отыр. Үш кезеңнің дүниесі қолымызда тұр. Бізге түскен мәлімет бойынша оларда металл іздейтін құрыл болған. Демек әдейі дайындалып келген", - деді Мейрам Дүйсенғали.

Оның айтуынша, жәдігерді тереңнен қазып алмағанға ұқсайды. Тергеу біткен соң жәдігер музей қорына беріледі. Айта кетейік, облыстық музейде 120 мыңға жуық жәдігер бар. Оның 20 мыңға жуығы археологиялық жәдігер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1994627-aqtobede-sekarasylar-arxeologiyalyq-qundy-zadigerdi-tasymaldagan-adamdy-ustady/