Денесі Ақсу өзенінен табылған әйелге қатысты тың дерек шықты

Опубликовано:

өзен
Өзен. Көрнекі фото: pixabay.com

Түркістан облысының полиция қызметкерлері денесі Ақсу өзенінен табылған әйелге қатысты қылмысты ашты, деп хабарлайды polisia.kz.

Еске сала кетейік, биыл 10 қазанда Түрікстан облысы Төлеби ауданының полиция бөліміне Ақсу өзенінен белгісіз адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түскен болатын.

Кейін сараптамадан соң оның әйел адам екені анықталған еді. Полицейлер қаза тапқан әйелдің жеке басын да анықтаған. Ол Төлеби ауданының тұрғыны болып шыққан.

Сондай-ақ Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданының полиция басқармасына әпкесінің хабар-ошарсыз кеткенін айтып, туыстарының да арызданғаны белгілі болған.

Басылымның жазуынша, қазіргі таңда аталған жайт бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігіне (Адам өлтіру) сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер осы қылмысты жасады деген күдікпен жәбірленушінің көршісі болған Төлеби ауданының тұрғынын ұстаған.

"Белгілі болғандай, қылмысқа - ақшалай қарыз себеп болған. Қарызды қайтармау үшін күдікті көршісінен құтылуға шешім қабылдап, алдау арқылы жәбірленушіні Ақсу өзеніне апарып, жартастан итеріп жіберген. Алған жарақаттарынан әйел қылмыс орнында қайтыс болған. Қазіргі уақытта күдікті өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетіне өкінетінін жеткізді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - деп жазады медиа портал.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995041-denesi-aqsu-ozeninen-tabylgan-aielge-qatysty-tyn-derek-syqty/