Қазақстанда көлікті сатқанға дейін салық төлемдерін міндетті тексеруді алып тастау қарастырылуда
Жарияланған күні:
Қазақстанда Салық кодексіне өзгертулер енгізу қарастырылуда. Оған сәйкес, көлікті сатқанға дейін салық төлемдерін міндетті тексеру алып тасталу мүмкін. Түзетулер мақұлданса, қазақстандық көлік иелері үшін қандай өзгеріс болатынын KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.
Парламент мәжілісінің депутаттары "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының кодексіне көлік құралын сатқанға дейін салық төлемдерін міндетті тексеруді алып тастауды көздейтін өзгерістерді мақұлдады. Қазір түзетулер жобасы сенаттың қарауында.
Салық кодексінің жаңа редакциясында салықтарды төлеу мерзімдері мен тәртібін реттейтін 494-баптың 3-тармағының екінші бөлігін алып тастау ұсынылған.
Қолданыстағы талаптар автокөлік иесін көлікті сатқанға және есептен шығарғанға дейін нақты иелік еткен мерзім үшін көлік құралы салығын төлеуге міндеттейді. Жаңа түзетулерге сәйкес, бұл талап алып тасталады.
Яғни, енді көлік иесі темір тұлпарын сатып, оны есептен шығарып, содан кейін ғана салық төлеуіне болады. Бұны бұрынғыдай тұрғылықты жері бойынша есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін жасауына болады.
Заң жобасының авторлары түсіндіргендей, бұл өзгерістер мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, заңға енгізілген түзетулер автокөлікті қайта тіркеу процесін жылдамдатуға көмектеседі.
Айта кетейік, бұл өзгерістерге сәйкес, салық берешегін міндетті түрде тексеру алып тасталса да, салық төлеу жөніндегі талаптың күші жойылмайды. Қарапайым тілмен айтқанда, сатылған көліктің иесі бәрібір ол үшін салық берешегін өтеуі керек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995090-qazaqstanda-kolikti-satqanga-deiin-salyq-tolemderin-mindetti-tekserudi-alyp-tastau-qarastyryluda/