Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандықтар Skills Еnbek туралы: Кәсіби өрлеу мен мансапта өсу мүмкіндігі

Опубликовано:

Интернет
Фото: pixabay

Қазақстандықтар үшін Skills Еnbek платформасында оқу біліктілікті арттыруға немесе жаңа мамандықты игеруге, жұмысқа орналасуға және мансаптық өсуге мүмкіндік береді.

Алматы тұрғыны Ләззат Байгенжеева ұзақ жылдар бойы есеп және қаржы саласында жұмыс істеді. Бірақ отбасылық және жеке жағдайларға байланысты ол 52 жасында жұмыссыз қалды. Содан Жұмыспен қамту орындарына жүгініп, тіркелді және жәрдемақы алды. Бірақ белсенді маман үшін бұл тығырықтан шығатын жол емес еді.

"Басында бір жыл жұмыссыз отырдым. Жәрдемақы алудан тыс, белсенді жұмыс іздедім. Ұсыныстар болып жатты, бірақ олар менің мамандығыма қатысты емес еді. Бір жұмысқа орналасуды қарастырып едім, бірақ ұсынған жағдайлары ұнамады. Содан кейін тағы жарты жыл жәрдемақыға иек арттым", - дейді Ләззат Байгенжеева.

Enbek.kz сайтында Ләззат Байгенжеева біліктілігін шыңдаған соң босаған жұмыс орнына шығу туралы ұсыныс алды. "Кассир" мамандығы бойынша Skills Еnbek курсын оқып, нәтижесінде біліктілігін арттырды, сертификат иеленді. Осылайша 2022 жылдың сәуір айында қазақстандық банктердің бірінде кассир болып жұмыс істей бастады.

"Банкте мен жарты жыл кассир болып жұмыс істедім, содан кейін қызметім менеджерлікке өсті. Мен үшін бұл қуанышты да таңқаларлық болды. Жас емеспін, бұрын адамдарды жасына қарап алмайтынын аңғаратынмын. Менде де солай бола ма деп ойлаушы едім", - дейді Ләззат Байгенжеева.

Енді банк менеджері Ләззат Байгенжеева қандай да бір себептермен жұмыссыз қалған таныстарына Skills Еnbek платформасында бос жұмыс орындарын іздеуді, білім алып, біліктілігін арттыруды ұсынады.

Ақмола облысы Ерейментау қаласының тұрғыны Ирина Бурыкинаның да оқиғасы осыған ұқсас. Ол 50 жасында жұмыссыз қалды. 2022 жылдың көктемінде ол Skills Еnbek платформасында "Қатпарлы қамыр дайындау технологиясы" курсы бойынша көкжиегін кеңейтіп, 1 сәуірде сертификатты еншіледі. Содан кондитерлік және нан-тоқаш өнімдерін шығаратын компанияға жұмысқа орналасты. Енді Ирина сүйікті ісімен айналысады және ерейментаулықтарды дәмді круассандармен қуантуда.

Skills Enbek платформасы Enbek.kz электрондық еңбек биржасының бір бөлігі болып табылады. Онда бүгінгі таңда 105 мыңнан астам бос жұмыс орны туралы ақпарат орналастырылып, Қазақстанның түрлі өңірлерінен 706 мыңнан астам жұмыс беруші тіркелген.

Еңбек биржасының "Қызметтер" бөлігінде "онлайн оқытуды" таңдау жеткілікті және кез-келген жанға 230-дан астам түрлі дағдылар игеру мүмкіндігі бар. Таңдау ауқымы өте үлкен, қызанақ өсіруден бастап копирайтингке дейін, макарон пісіруден бастап зертханалық химиялық талдауға дейін және қонақ үй бизнесінде баға белгілеуге дейін сан алуан кәсіп түрін табуға болады. Құрылыс, металлургия, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салалары тағы бар.

Платформада ақысыз оқу курстары да, ақылы түрлері де бар. Оқу бағдарламалары мен оқытушыларды қазақстандық колледждер, кәсіпорындар мен білім беру орталықтары ұсынады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне жүгінсек, Skills Еnbek платформасында 162 курс орналастырылған, оның 59-ы қазақ тілінде оқытуға қолжетімді. Жарияланған курстар 23 кәсіптік саланы, 110 мамандықты қамтиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995156-qazaqstandyqtar-skills-enbek-turaly-kasibi-orleu-men-mansapta-osu-mumkindigi/

pixel