СҚО-да полицейлер өртке оранған үйден екі адамды аман алып шықты (видео)

Опубликовано:

Тұрғынды өрттен құтқарған полицейлер
Тұрғынды өрттен құтқарған полицейлер. Фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік инспекторлар өртке оранған үйден екі адамды аман алып шықты. Олар ес-түзсіз жатқан үй иесін де құтқарып қалған, деп жазады Polisia.kz.

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Бәйтерек ауылының тұрғыны бауырының үйінің жанынан өтіп бара жатып, түтінді байқап қалады. Сол маңдағы аумақты аралап, тексеріп жүрген учаскелік инспекторлар Азамат Тамашов пен Азамат Баймусинов оқиға орнына бірінші болып барады.

Түтінге толы үйге кіргенде, олар ас бөлмеде жатқан жергілікті тұрғынды көріп, бірден сыртқа шығарған. Үйдің иесі әлі де іште екен. Полицейлер үйге тағы екі мәрте кіріп шықты. Түк көрінбейтін түтіннің ішінде тұншығып, төбесі жанып жатқан төргі бөлмеден ес-түссіз жатқан үйдің иесін тауып, далаға алып шыққан.

Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері де дер кезінде жетіп, өртті ауыздықтады.

"Медицина қызметкерлері жапа шеккендерді тексеріп шықты. Учаскелік инспекторлардың жедел әрекетінің арқасында ешкім зардап шеккен жоқ. 15 жылдан астам еңбек өтілі бар тәжірибелі қызметкерлер – Бәйтерек ауылдық округіне қызмет көрсететін полиция майоры Азамат Тамашев пен Конюховский ауылдық округіндегі құқықтық тәртіпке жауапты полиция аға лейтенанты Азамат Баймусинов халық арасында құрметке ие.

Оларды үйлерінде бала-шағалары күтіп отырады. Екеуі де тәуекелге бел байлай отыра, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып шықты", – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Эльдар Нұрғалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995265-sqo-da-policeiler-ortke-orangan-uiden-eki-adamdy-aman-alyp-syqty-video/