Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүкті кезімде ішімнен теуіп, суға батырды": Алматылық келіншек бұрынғы күйеуінен көрген қорлығын айтты

Опубликовано:

Жүкті әйел
Көрнекі сурет: pixabay.com

Отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйел әділдік іздеп жүр. Алматылық Арайлым Жексембекова бұған дейін әлеуметтік желіде нашақор күйеуінің ұрып-соғатынын, "өлтіремін" деп қоқан-лоқы көрсететінін айтып араша сұраған, деп хабарлайды Астана арнасы.

Алайда екі балалы ананың мәселесіне ешкім назар аудармай отырған көрінеді.

Арайлым Жексембекова жолдасымен небәрі 1 жылға жуық отасқан. Мамыр айында күйеуі алғаш рет оған қол көтеріп, есінен танғанша ұрыпты. Содан кейін ол әдетке айналды дейді. Көп ұзамай жолдасының есірткі пайдаланатынын білген Арайлым полицияға арыз жазған. Алайда, зәбір көрсетуші тек 5-10 күнге қамауға алынады дейді ол.

"Жүкті болғаныма қарамастан ол менің ішімнен теуіп, суға батыруға тырысты. Үйде байлап ұстады. Істемегені жоқ. Жұбайым қарсы болғанымен, сот арқылы ажырастық. Бірақ ол мені аңдып, қоқан-лоқы көрсетуін тоқтатқан жоқ. Жақында ғана босандым. Қазір, тіпті, үйден шығуға қорқамын", - дейді Арайлым Жексембекова.

Зәбір көрсетушіге қатысты "Қинау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оның ақыл- есінің дұрыстығын анықтау үшін сараптама тағайындалды. Бірақ бұл істің тым ұзап кеткені Арайлымды алаңдатып отыр.

"Бұрынғы жұбайымның полиция қызметкерлері мен медицина саласындағы қызметкерлер арасында таныстары бар. Оның ақыл-есінің дұрыс еместігі анықталса, түрмеге отырмайды. Ол кез-келген медициналық қорытындыны жасатып алуға қауқарлы. Іс қашан аяқталатынын да ешкім айтпайды. Полиция қызметкерлері бейғам, тіпті, бұрынғы жұбайымның тарабын қолдап отыр", - дейді жәбірленуші.

Ал полицияның жауабы қысқа. Барлығы заңға сәйкес жүріп жатқанын айтады.

"Соталды бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда процессуалды кодекспен көзделген барлық тергеу амалдары жүзеге асырылуда. Кінәлі азамат міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады", - деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

М. Жақан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995283-zukti-kezimde-isimnen-teuip-suga-batyrdy-almatylyq-kelinsek-buryngy-kuieuinen-korgen-qorlygyn-aitty/

pixel