Алматы әкімдігі тұрғындарды заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алмауға шақырды

Опубликовано:

ТҮК құрылысы
ТҮК құрылысы. Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласының әкімдігі тұрғындарды заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алмауға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметінше, пәтер сатып аларда үлескерлерді алдау жиі кездеседі.

Мәселен, әкімдіктің атап өтуінше, Қарағайлы шағын ауданындағы "Французский дом" тұрғын үй кешені рұқсат құжатынсыз салынып жатыр әрі меншік иесі шаруа қожалығын жүргізуге арналған жер телімінде тұрғын үй кешенін салып жатыр.

"Шілде айында нысанды жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша меншік иесі ӘҚБтК-нің 316-баптың 1 бөлігі және 321-бап бойынша жауапкершілікке тартылды, сонымен қатар, аталған заң бұзушылықты биылғы жылдың 19 қазанына дейін жою туралы бұйрық шығарылды. Бұйрық мерзімі өткен соң оны орындау үшін қайта тексеру тағайындалды, қазір құжаттары прокуратурада тіркеуден өтуде", – дейді қалалық әкімдіктің өкілдері.

Сонымен қатар әкімдік қосымша басқарма құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге және салынып жатқан жылжымайтын мүлікті сатуға алдын ала шарт жасасуға тыйым салу туралы талап-арызды сотқа жолдағанын атап өтті.

Осы орайда әкімдік жылжымайтын мүлікті сатып аларда салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құжаты бар-жоғын тексеріп алу қажеттігін еске салды. Ақпарат алу үшін: +7 (727) 229-81-36 телефон нөміріне хабарласуға болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдағы Наурызбай ауданында заңсыз салынған "Жайсан" тұрғын үй кешені сүрілетінін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995435-almaty-akimdigi-turgyndardy-zansyz-salynyp-zatqan-turgyn-ui-kesenderinen-pater-satyp-almauga-saqyrdy/