Ақтөбеде пышақ жарақатын алған 19 жастағы жігітті құтқарып қалған күзетші қыз марапатталды

Опубликовано:

Полиция қызметкері Әлия Ерманованы марапаттауда
Полиция қызметкері Әлия Ерманованы марапаттауда. Фото: Хабар24

Ақтөбеде пышақ жарақатын алған жігітті құтқарып, ерлік көрсеткен күзетші қыз марапатталды. Оқиға қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінде болған, деп хабарлайды Хабар24 арнасы.

Телеарнаның мәліметінше, кәмелетке толмаған жеткіншек 19 жастағы жігіттің мойнына екі рет пышақ сұғып алған.

Ауыр қылмыстың үстінен түскен күзет қызметкері Әлия Ерманова жарақат алған жігітті дереу арашалап, күдіктіні полицияға тапсырған.

Ал полиция департаментінің басшысы көрсеткен ерлігі үшін Әлия Ермановаға алғыс хат табыстаған.

"Мен мұндай жағдайды бірінші рет бастан кешіп отырмын. Бастапқыда олар ойнап төбелесіп жатқан шығар деп ойладым. Кейін біреуінің қолындағы пышақты байқадым. Жақындап келіп едім, бірі пышақ жарақатын алған екен. Дегенмен, одан әрі қайғылы жайттың орын алуына жол бермедім деп ойлаймын. Полицейлер келгенше күдіктіні арнайы бөлмеге қамап тастадым", - дейді Әлия Ерманова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995515-aqtobede-pysaq-zaraqatyn-algan-19-zastagy-zigitti-qutqaryp-qalgan-kuzetsi-qyz-marapattaldy/