Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ол ешқашан Хэллоуин тойлаған емес": Сеулде көз жұмған қыздың әпкесі оқиғаның мән-жайын айтты

Опубликовано:

Мадина Шерниязова
Мадина Шерниязова. Фото отбасылық мұрағаттан : Diapazon.kz

Ақтөбеден Сеулге оқуға барған марқұм Мадина Шерниязованың әпкесі қайғылы оқиға туралы айтып берді. Дамираның сөзінше, бойжеткен Хэллоуинді ешқашан тойлаған емес, сондықтан оның құрметіне арналған шараларды көру оған қызық болған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "Диапазонға" сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, сол күні кешке Сеулде Хэллоуин мерекесін тойлауға 100 мыңға жуық адам жиналған. Тар жолақтағы кептелісте 150-ден астам адам қаза тапты, оның 19-ы шетелдіктер.

Құрбан болғандардың арасында Ақтөбе қаласының тумасы Мадина Шерниязова да бар. Оңтүстік Корея астанасында ол магистратурада оқитын. Қайғылы оқиға туралы қыздың әпкесі Дамира Шерниязова айтып берді.

"Мадина екеуміз Ақтөбеде дүниеге келдік, №27 мектепте оқыдық. Мектепті бітірген соң Мадина Қазан қаласына оқуға түсті. Оқу кезінде ол білім алмасу бағдарламасымен Кореяға барады. Ол елдің ұнағаны сонша, Мадина өз болашағын сол елде көретінін айтып келді.

Сондықтан бакалавриатты бітірген соң Мадина Кореяға магистратураға оқуға түсті. Ата-анамыз қарсы болған жоқ, өйткені, ол ақылды болатын, оқуды жақсы көретін және олар оның қолынан келетініне еш күмәнданбады”, – деп бөлісті Дамира.

Оның айтуынша, Мадина ешқашан Хэллоуинді тойлаған емес, сондықтан оған бұл мерекені көру қызықты болған.

Сол күні мерекелік кеш Итхэвон көшесінде өтті. Мадина күні бойы өз шаруасымен айналысады да, кешке досымен кездесіп, бірге уақыт өткізуге келіседі. Кейінірек дәл осы досы қыздың отбасына болған оқиғаны айтып берген.

"Мадина екеуміз күніне екі рет қоңырау шалып, сөйлесетінбіз. Сол күні кешке ол хабарласып тұрды, хат жазысып тұрдық, ол маған мерекеден видео жіберді. Мен одан соңғы хабарламаны сағат 21.47-де алдым. Бірер минуттан кейін бәрі басталып кетті", – дейді марқұмның әпкесі.

Оның айтуынша, Мадина досымен кездесіп, екеуі бірге кешкі ас ішеді де, орталық көшемен серуендеп қайтпақшы болады. Бір кезде олар өздерін жайсыз сезінеді. Қаптаған қалың адамның ортасында оларға ауа жетпегендей, тыныстары тараяды. Мадинаға жиналған көпшілік ұнамағандықтан, ол досына үйге қайтуды ұсынады.

Сыртқа шығуға әрекеттенген олар өте тар көшеге бұрылып кетеді де, мерекенің қызып жатқан дәл үстінен түседі, екеуі қорыққандықтан бір-бірінің қолынан ұстап алады.

Бір кезде оларды арттан үлкен күш итеріп жібереді. Соның кесірінен адамдар бір-бірінің үстіне құлап, екеуінің қолы ажырап кетеді. Мадина көпшіліктің арасында қалып кетеді де, досын біреулер алға итеріп жібергенде, ол есінен танып қалады.

Жігіт есін жиған бойда бірден құрбысын іздей бастайды, бірақ таппайды. Кейін полиция келеді. Жас жігіт күтпеген жағдай аяқ астынан 3 секундта болғанын, ештеңе түсініп үлгермегенін айтты. Жұрттың бәрі шошып қалған, не істеп жатқандарын өздері түсінбеген.

"Таңертең анам хабарласып, Мадинаны тауып беруімді өтінді, өйткені ол байланысқа шықпаған. Мен оны жұбатып, Мадина кештен кейін ұйықтап жатқан болу керек дедім. Ол үнемі хабарламаларға жауап беретін, бірақ бұл жолы одан мүлде хабар жоқ. Біраз уақыттан кейін әкем хабарласып, қайда екенімді, не істеп жатқанымды сұрап, тез арада сөйлесуіміз керек екенін айтты. Сол кезде мен өзімді біртүрлі сезіндім", – деп еске алды Дамира.

Дамира Алматыда тұрады. Қайғылы оқиға болған кезде әкесі де оңтүстік астанада болған. Консул оған телефон соғып, мәйітті анықтауды сұраған. Мадинаның әкесі бейнебайланыс арқылы көріп, қызы екенін растайды.

"Әкеммен бірге анама телефон соғып, естірттік. Мен туыстарыма телефон соғып, олардың анама демеу білдіруін сұрадым, өйткені әкем екеуміз Алматыдамыз, анам ғана Ақтөбеде болатын.

Мен сол оқиғаның видеосын интернеттен қайта-қайта қарап, Мадинаны көпшіліктің арасынан іздеймін, оқиғаның қалай болғанын түсінуге тырысамын. Мадина екеуміздің бір-бірімізге жіберген хабарламалар мен үшін қазір сондай ыстық, мен оларды қайталап оқып шығып, әрбір кішкентай нәрсенің өзін мәңгі есте сақтауға тырысамын", – дейді Дамира.

Еске салайық, қайғылы оқиға қазанның 29-нан 30-на қараған түні Сеулдегі Итхэвон ауданында болды. Хэллоуин кеші кезіндегі кептелістен 150-ден астам адам қаза тапты. Құрбандардың арасында қазақстан азаматы да бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1995572-ol-esqasan-xellouindi-toilagan-emes-seulde-koz-zumgan-qyzdyn-apkesi-oqiganyn-man-zaiymen-bolisti/

pixel