Дәулет Арғындықов Skills Enbek қысқа мерзімді оқыту платформасының жұмысы туралы айтып берді
Жарияланған күні:
Skills Enbek қысқа мерзімді оқыту платформасында қандай онлайн курстар ұсынылған? Оқу нәтижесі бойынша берілген сертификаттар қаншалықты құнды? Skills Enbek-те оқығаннан кейін жұмыс табу мүмкін бе? Осы және өзге де сұрақтарға "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" акционерлік қоғамының президенті Дәулет Арғындықов жауап берді.
- Қысқа мерзімді оқыту платформасы туралы айтып берсеңіз. Бұл қандай сервис және оның артықшылықтары неде?
- 30-40 жыл бұрын қызметкерге еңбек жолын жоспарлау анағұрлым жеңіл еді. Көп жағдайда жаңа мамандықты меңгергендер алдағы жылдары онда ештеңе өзгермейтініне бек сенімді болатын. Қазір олай емес. Әр адам әлем мың құбылып, әлі де түрлене беретінін түсініп, мұндай өзгерістерге бейімделуге дайын болуы керек. Жұмыс берушілердің талаптары өзгеруде, жұмыс орындарының күрделенуі байқалады, әсіресе экономиканы жедел цифрландыру қолға алынған кезеңде цифрлық дағдыларға қажеттілік артып келеді. Сондықтан бүгінгі таңда мамандықты меңгеруде диплом алумен шектеліп қана қоймай, еңбек нарығында қажетті біліктілік деңгейін сақтау үшін дағдыларыңды ұдайы дамытып отыру — заман талабы.
Білімге салынған инвестиция — бұл болашаққа салынған инвестиция. Бұл сіздің қаражатыңыздың жоғары қайтарымына кепіл беретін әрі өзін жылдам ақтайтын ең тиімді инвестициялардың бірі.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ барша тұрғындарға дағдыларын өмір бойы үздіксіз дамыту және кәсібилік деңгейін арттыру үшін жағдай жасау мақсатында 2021 жылғы шілдеде жұмыспен қамту саласындағы цифрлық экожүйенің бөлігі ретінде Skills Еnbek (skills.enbek.kz) онлайн режимде кәсіптік оқыту платформасын іске қосуды қамтамасыз етті.
Skills Enbek маркетплейс (қызметтер нарығы) қағидаты бойынша онлайн курстарға қолжетімділікті ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарының қазақстандық баламасы болып табылады. Яғни мұнда кәсіби мамандар өз курстарын орналастырып, білім мен тәжірибелерін бөлісе алады, ал кез келген адам оқудан өтіп, нәтижесі бойынша дағдыларды игеру туралы сертификат ала алады деген сөз.
- Платформада кім оқи алады?
- Платформа еліміздің кез келген азаматы үшін қолжетімді және сұранысқа ие дағдыларды үйренуге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдірген барлық жастағы азаматтарға бағытталған.
Skills Enbek іске қосылған сәттен бастап пайдаланушылар саны 167 мыңнан астам адамға жетті. Оқуды сәтті аяқтаған 133 мың адам сертификат алды. Ең кіші білім алушы 15 жаста, ал ең үлкені 81 жаста. Сондықтан ілім ізденудің ертелі-кеші жоқ.
Skills Enbek алаңында кез келген адам өз қалауы бойынша курс таба алады. Бұл тек кәсіби бағыттағы курстар ғана емес, сонымен қатар өзіңізді дамытуға арналған жаңа дағдыларды игеру курстары болуы мүмкін.
- Платформада қандай онлайн курстар ұсынылған?
- Бүгін Skills Enbek-те 162 курс орналастырылса, оның 76-сы мүлдем тегін. Ал 59 курс қазақ тілінде оқуға қолжетімді. Ақылы курстардың құны ұзақтығына байланысты 2-ден 50 мың теңгеге дейін бағаланады.
Ақпараттық материалдармен танысқысы келетіндер үшін сапалы түйіндеме жасаудан бастап ауылда бизнесті құруға дейін 31 тегін промо-курс орналастырылған.
Ұсынылған онлайн курстардың басты бағыттары HR және хатшылық, ауыл шаруашылығы, тұру және тамақтану, қаржы және бухгалтерлік есеп дағдыларын дамыту бойынша оқыту болып табылады.
Сондай-ақ пайдаланушылардың жұмыс үшін де, өмір үшін де өзекті smart skills дағдыларын игеруге мүмкіндігі бар. Мысалы "Қаржылық сауаттылық", "Нөлден басталатын бизнес-идея", "Маркетинг негіздері" және басқалары. "Қаржылық сауаттылық" курсы бойынша оқыту бұл қаржылық ресурстарыңызды тиімді басқару мен өз қаржылық жағдайыңызға өмір бойы қамқорлық жасау жолында негізгі білім мен дағдыларды қолдану мүмкіндігін ашады.
- Бұл курстардың авторлары кім? Олар курсты платформада орналастыру үшін қандай да бір іріктеуден өтіп жатыр ма?
- Бүгін 300-ден астам автор тіркелді. Олардың қатарына BTS Digital, "ПрофБух", "Альтаир", Yes! Please, "G-Global жасыл экономика және даму коалициясы" ЗТБ, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, "Номад Иншуранс" сақтандыру компаниясы, "Академия продаж", сондай-ақ республиканың жоғары оқу орындары мен колледждері бар.
Өз кәсіби саласында тәжірибесі, сараптамасы мен білімі бар кез келген заңды тұлға мен жеке кәсіпкер автор бола алады және бұл қажетті құжаттармен расталуға тиіс.
Жалпы, өз саласында практикалық тәжірибесі, сараптамасы бар және өз білімімен бөлісуге дайын кез келген адам курстарды платформада орналастыра алады, ал біздің команда оларға бұл тұрғыда көмектеседі.
- Оқу нәтижесі бойынша алынған сертификаттар қаншалықты құнды?
- Қызметте өсуді айтпағанда, өз орныңызды сақтау үшін үнемі алға ұмтылып, жаңа нәрсені үйренуіңіз керек екені даусыз. Бірақ егер тәжірибелі маман үнемі біліктілігін арттырып отырса, оның үздіксіз дамуын және білімін шыңдауды құптайтын компанияға орналасу мүмкіндігі арта түседі. Өйткені сертификат үміткердің біліктілігі ғана емес, сонымен қатар оқу, өз жұмыстарын ұйымдастыра білу және тұрақты дамуға талпыну сияқты жұмсақ дағдылары барын аңғартатыны белгілі.
Сонымен қатар Skills Enbek алаңында оқудан өткеннен кейін берілген сертификат білім алушының жұмысқа орналасу жөніндегі цифрлық алаңда (enbek.kz) жасаған түйіндемесінде автоматты түрде өзге дағдыларымен қатар көрсетіледі. Жұмысшыларды іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші өтініш берушінің түйіндемесінен өзіне қажетті сертификаттар мен дағдылары бар-жоғын көре алады. Сонымен бірге онда дағдылар бойынша бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді іздеуге болады.
- Онлайн оқыту жұмыссыздар үшін қаншалықты тиімді шешім? Skills Enbek-те оқығаннан кейін жұмыс табу мүмкін бе?
- Онлайн оқыту қысқа мерзімде жаңа дағдыларды алудың тиімді құралы болып табылады. Бұл әсіресе пандемиядан кейін өзекті болды. Көптеген елдер цифрлық оқытуға, соның ішінде жұмыссыздарға инвестиция сала бастады. Онлайн оқыту аумақтық шектеулерсіз білім алуға, бұрын білім алушылардың шектеулі санына қолжетімді болған білім қазынасын меңгеруге мүмкіндік береді.
Әрине, онлайн білім офлайн дайындықты алмастыра алмайды, іс жүзіндегі жұмыс пен құралдарды қолдана білуді қажет ететін мамандықтар бар. Бірақ, сонымен бірге онлайн режимде меңгеруге және еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жол ашатын дағдылар баршылық.
Сәтті мысалдар жеткілікті. Олардың бірі — 49 жастағы жұмыссыз әйел 2022 жылдың сәуір айында "Қатпарлы қамыр дайындау технологиясы" курсы бойынша оқудан өтіп, сертификат алды. Содан кейін ізін суытпай нан-тоқаш және ұн кондитерлік өнімдерін шығаратын компанияға аспаз болып жұмысқа орналасты. Платформа арқылы үйренген тамақ дайындау және кондитерлік өнімдер жасау дағдылары оған өз жұмысын табысты атқаруға септігін тигізуде.
Немесе "Кассир" курсында оқыған жұмыссыз әйел қазір банк бөлімшесінде кассир болып еңбек етеді.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 2025 жылға дейін барлығы 130 мың жұмыссыз азаматты онлайн оқытумен қамту жоспарланған. Оның ішінде 25 мың адам оқудан сәтті өтіп үлгерді.
Жұмыссыздар арасында ең көп сұранысқа ие курстар: "Құлпынай өсірудің толық мән-жайы", "Сүт беретін ірі қара өсіру", "Персоналды басқару", "Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы".
Біздің мониторингімізге сәйкес, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 1 шілдеге дейін Skills Enbek платформасында оқыған 12,9 мың жұмыссыздың 5,7 мыңы оқудан кейін жұмысқа кірісті (46%) және алған дағдылары мен білімдерін тиісті ісінде кәдеге жаратуда.
- Өзге де көптеген жеке онлайн білім беру платформалары бар. Мемлекетке өз платформасын құрып, олармен бәсекелесеу қаншалықты қисынды?
- Біз ешбір жағдайда басқа платформалар үшін кедергі жасамаймыз және олармен бәсекелеспейміз, керісінше Қазақстанда онлайн-оқытуды дамыту үшін ынтымақтастық орнатамыз.
Біз азаматтар үшін жетекші ұлттық және халықаралық білім беру алаңдарымен ықпалдасудың арқасында Skills Enbek-те сұранысқа ие дағдыларға арналған онлайн-курстардың бірыңғай сөресін жасаймыз. Нәтижесінде нарықта бар онлайн курстарды оңай және ыңғайлы іздеуді қамтамасыз етсек, пайдаланушылар қай платформада оқитынын өзі таңдай алады.
Бүгіннің өзінде Skills Enbek сайтында қазақстандық серіктес Courstore курстарын таба аласыз. Болашақта бағдарламалау, дизайн, маркетинг, басқару және мультимедиа бағыттары бойынша танымал онлайн-мектептердің (Skillbox, Geekbrains, SkillFactory) курстары, сондай-ақ басқа да білім беру алаңдары ұсынылған Lerna Беларусь онлайн-платформасынан курстар іздеуге қолжетімді болады.
Сондай-ақ Skills Enbek және Coursera ірі халықаралық білім беру платформасы Қазақстанда онлайн оқытуды дамыту бойынша серіктес атанды. Digital Bridge 2022 халықаралық форумы аясында Астана қаласында "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ мен Coursera арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Ынтымақтастық платформаларды ықпалдастыру арқылы еңбек ресурстарының білімі мен дағдыларын арттыру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Бұдан тыс, Skills Enbek-тің басқа онлайн білім беру ресурстарынан басты айырмашылығы — ол авторлар үшін де, ақысыз курстар арқылы оқуды таңдаған пайдаланушылар үшін де мүлдем тегін.
Сонымен қатар Skills Enbek кадр тұрақсыздығы мәселесіне жиі тап болатын кәсіпорын қызметкерлерін, мәселен сатушыларды онлайн оқыту алаңына айналуы мүмкін. Skills Enbek платформасының әдіскерлерімен бірлесіп, кәсіпорындардың қажеттіліктеріне сәйкес кәсіп жайында базалық кіріспе курс әзірленуі мүмкін.
Аталған қадам кәсіпорындардың жаңа қызметкерлерді оқытуға үнемі кетіретін шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Skills Enbek сертификаты жұмыс іздеушілердің оқу қабілеті мен қажетті білім-дағдыларының бар екенін көрсететін жұмысқа орналасу талаптарының біріне айналуы ықтимал.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996021-daulet-argyndyqov-skills-enbek-qysqa-merzimdi-oqytu-platformasynyn-zumysy-turaly-aityp-berdi/