Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Зейнет жасына тақаған қазақстандықтар "Күміс жас" жобасы аясында жұмыс тауып жатыр

Опубликовано:

Озика Оспанова
Фото: Озика Оспанованың жеке мұрағатынан алынған

2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде "Күміс жас" жобасы бойынша зейнет жасына тақаған қазақстандықтар мол тәжірибе мен кәсібилікті қажет ететін жұмыстарға орналасуда.

Алматы тұрғыны Озика Оспанова – кәсіби тігінші. Жас кезінде Шымкентте тұрып, техникумды тәмамдаған ол, мамандығын меңгергеннен кейін көптеген жыл "Восход" тігін фабрикасында жұмыс істеген. Кейін денсаулығына байланысты жұмысын тоқтатып, Алматыға көшкен. 59 жасында Озика Айтбайқызы тағы да жұмыс іздеуге кіріседі.

"Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген кезде маған "Күміс жас" жобасына қатысу ұсынылды. Бұл не екен деп қызықтым. "Казвоенторг" ЖШС-нде жұмыс тез табыла қойып, тағы да тігін тігуге кірістім, кәсібім өзіме ұнайды", - дейді Озика Оспанова.

Ол зейнет жасына дейінгі киім тігу шебері жұмыс таба алатынын атап өтті. Өйткені қазір тігіншілер сұранысқа ие және де ірі тігін кәсіпорындары ашылуда. Бірақ басқа мамандықпен жұмыс табу қиынға соғуы мүмкін. Барлық жұмыс беруші жас жұмысшыларды іздейді.

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы Крещенка ауылының тұрғыны Сералы Құлатаев та осындай жағдайға тап болған. Агроном маманы 62 жасында жұмыссыз қалып, тәжірибесі кәдеге жарар орын іздеді. Бұрынғыдай егіс даласында жүгіріп жүре алмайды, денсаулығына күтім қажет. Ал жұмыс берушілер агроном қызметіне бірінші кезекте қимылы ширақ, жүрісі тың жастарды қарастыратыны анық еді.

Осылайша Сералы Серікбайұлы жұмыс табуға көмектеседі деген үмітпен жергілікті жұмыспен қамту орталығына барды. Жұмыспен қамту орталығында оған "Күміс жас" жобасына қатысып, "Шал ақын Агро-2020" ЖШС-не жануарларды баптап күту жөніндегі қызметкер ретінде жұмысқа тұру ұсынылды. Бұл жұмыста ол алысқа сабылып әуреге түспейді, бір кездері ауылшаруашылық техникумында алған білімі мен шаруа қожалықтарындағы тәжірибесі де кәдеге жарайтыны анық.

2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберіндегі "Күміс жас" жобасының көмегімен зейнет жасына тақаған көптеген қазақстандық сүйікті ісімен айналысуға және қажетті еңбек өтілін сақтауға мүмкіндік беретін жұмыс таба алады. Ең бастысы, тәжірибесі, кәсібилігі мен шеберлігін бөлісіп, сый-құрметке бөлену мүмкіндігі бар. Жобаға қатысушылар үшін жұмыс орындарын жұмыс беруші жергілікті жұмыспен қамту органдарымен бірлесіп құрады.

10 айдың ішінде Қазақстанда "Күміс жас" жобасына 2576 адам қатысты.

Зейнет жасына тақаған тұрғындардың көбі жоба аясында Алматы облысынан жұмыс тапты – 522 адам. Ал Түркістан облысында – 454, Жамбыл облысында – 269, Қарағанды облысында – 258 және Ақтөбе облысында – 163 адам жұмысқа орналаса алды. Қызылорда облысында "Күміс жастың" 132 өкілі, Қостанай облысында – 126, Ақмола облысында – 110 және Солтүстік Қазақстан облысында - 106 өкілі жұмысқа тұрғызылды.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде әр түрлі жастағы және әлеуметтік санаттағы адамдарды жұмыспен қамтуға белсенді жәрдемдесудің түрлі бағыттары көзделген. 29 жасқа дейінгі жастарға арналған бірқатар жоба бар – "Бірінші жұмыс орны", "Ұрпақтар келісімшарты", "Жастар тәжірибесі".

Ресми тіркелген жұмыссыздар үшін жұмысқа орналасуға белсенді жәрдемдесудің мынадай түрлері көрсетіледі: бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға уақытша жұмысқа орналастыру.

Сонымен қатар ұлттық жобада оқытудың бірнеше бағыты қарастырылған: білім беру мекемелерінде жұмыс берушінің сұранысы бойынша оқыту, тікелей жұмыс орнында және enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды онлайн оқыту. Сондай-ақ жаңадан іс бастаған кәсіпкерлер үшін "Бастау Бизнес" кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасы және 400 АЕК-ге дейін өз ісін ашуға өтеусіз гранттар беру көзделген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996059-zeinet-zasyna-taqagan-qazaqstandyqtar-kumis-zas-zobasy-ayasynda-zumys-tauyp-zatyr/

pixel