Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық екі ЖОО Азияның үздік 100 университетінің қатарына енді

Опубликовано:

Университет аудиториясы
Университет аудиториясы. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстандық екі жоғары оқу орны Азияның үздік 100 университетінің қатарына енді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің QS Quacquarelli Symonds президенті Нунцио Кваквареллимен өткен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды министрлік сайты.

Министрлік мәліметінше, жиынға жоғары оқу орындарының ректорлары да қатысқан. Олар қазақстандық университеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерін талқылаған.

Л. Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да өткен кездесуде QS Quacquarelli Symonds негізін қалаушы Нунцио Квакварелли тұсаукесер өткізген. Оның айтуынша, Қазақстан Азия университеттері рейтингінің жаңа шығарылымында үздік нәтижелер көрсеткен.

Дәлірек айтқанда, екі қазақстандық жоғары оқу орны Азиядағы үздік 100 университеттің қатарына кірген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 44-орынды иеленіп, азиялық үздік 50 жоғары оқу орнының тізіміне енген.

Ал, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 96-орынға орналасты. Қазақстан Орталық Азияның басқа елдеріне қарағанда рейтингте көш ілгері. Үздік азиялық жоғары оқу орындарының тізбесінде еліміздің 32 университеті бар.

Министрлік мәліметінше, Орталық Азияның үздік үштігіне де қазақстандық жоғары оқу орындары енген. Олар халықаралық индикаторлар бойынша ең жоғары орындарда тұр. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азия өңіріндегі жұмыс берушілер арасында академиялық беделдің ең жоғары көрсеткіштеріне ие. Үздік үштікке Л. Н.Гумилев атындағы ЕҰУ және Satbayev University де кірген.

"Еліміздегі жоғары білім саласы халықаралық деңгейде танылып келе жатқанын көріп отырмыз.  Әлемдік рейтингтерде алға жылжу – қазақстандық білім беру сапасы мен университеттердің мәртебесін жақсартудың көрнекі дәлелі. Бұл біздің жоғары оқу орындарының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді", – деді министр.

Министр Саясат Нұрбек шетелдік мейманға елімізге сапары үшін алғысын білдіріп, қазақстандық жоғары оқу орындары QS рейтингінде жаңа шыңдарға жету үшін жұмысты жалғастыратынын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996314-qazaqstandyq-eki-zoo-aziyanyn-uzdik-100-universitetinin-qataryna-endi/

pixel