Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесі жаңғыртылуда

Опубликовано:

Телефон
Фото: pixabay

Қазақстан Әлеуметтік кодексінің жобасында арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту көзделген. Бұл оларды ұсыну сапасын және азаматтар үшін қолжетімділікті жақсартуға мүмкіндік береді. Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі салада қандай өзгерістер күтілетінін айтып берді.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстанда арнаулы әлеуметтік қызметтерді 116 мемлекеттік интернат-үймен қатар, 178 ҮЕҰ және жеке сектор субъектісі көрсетеді.

Елімізде мүгедектігі бар адамдарға техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін, сондай-ақ оларды жеткізушілерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейді.

Алайда арнаулы әлеуметтік қызметтер қалалар мен облыс орталықтарында ғана ұсынылатыны рас. Ал ауылдық жерлерде тұратын мүгедектігі бар адамдардың 45%-дан астамы тек оларды қолдайтын жалпы қызметтерді алады.

Бұл ретте арнаулы әлеуметтік қызметтердің басым бөлігін ірі мемлекеттік интернат-үйлер көрсетеді. Олардың кейбіреуінде тұратындар саны 300 адамға дейін жетеді. Бұл, әрине, көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпей қоймайды.

Осыған сүйене отырып, Әлеуметтік кодекс жобасында арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін одан әрі жаңғырту көзделген. Бұл ретте мемлекеттің, жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың және азаматтардың ортақ іске бірлесе атсалысуына баса назар аударылады.

Біріншіден, арнаулы әлеуметтік қызметтердің өтініш беру сипатынан қызмет көрсетудің проактивті түріне көшу жоспарланған. Отбасының цифрлық картасы шеңберінде азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, ел ауқымында халықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілігін автоматты түрде айқындау жоспарлануда.

Екіншіден, мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілері ретінде олардың отбасыларының жұмыс істемейтін мүшелері тартылуы мүмкін. Олар үшін жалақы, әлеуметтік аударымдар қарастырылады, ал жұмыс уақыты зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есептеледі. Жеке көмекші ретінде жұмыс істеу үшін тиісті дағдылардың және біліктіліктің болуын растау жеткілікті.

Үшіншіден, интернат-үйлерді ықшамдап бөлу көзделіп отыр. Бұл жеке сектор субъектілері үшін, әсіресе ауылдық жерлерде арнайы қызмет көрсету бойынша шағын жинақты ұйымдар ашқандарға мемлекеттік тапсырысты кеңейту есебінен жасалады.

Бұл ретте ірі интернат-үйлер біртіндеп жаңа технологияларды енгізу және әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі ғылыми-әдістемелік орталықтарға немесе әлеуметтік қызмет көрсетудің көпсалалы шағын үйлеріне айналады.

Төртіншіден, тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесіне немесе өмірлік қиын жағдайдың түріне байланысты әлеуметтік қызметкерлердің іс-қимылдарының қадамдық алгоритмдерімен арнаулы қызмет көрсетудің қолда бар стандарттары өзектендіріліп, жаңа стандарттары әзірленеді.

Бесіншіден, әлеуметтік қызмет көрсетуді қажет ететін адамдарға арнаулы тауарлар мен қызметтерді, қызмет көрсету ұйымдарын таңдаумен қатар, оларға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі беріледі.

Біліктілігі, көрсетілетін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат бар Әлеуметтік қызметкерлер тізілімі қалыптастырылады. Әлеуметтік қызметкерлер үшін ұсынылатын қызметтердің біліктілік деңгейін, санаты мен ерекшелігін ескере отырып, кәсіби стандарттар әзірленеді.

Алтыншыдан, тариф белгілеу саясатын қайта қарау жоспарлануда. Жалпы тарифтердің орнына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы норматив, сондай-ақ өтемдік техникалық құралдар беретін ұйымдар үшін шекті бағалар енгізіледі.

Еңбек министрлігі мамандарының пікірінше, аталған шараларды іске асыру мұқтаж азаматтар үшін арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсартуға және қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996374-qazaqstanda-arnauly-aleumettik-qyzmetter-zuiesi-zangyrtyluda/

pixel