Өзін Антикор қызметкері ретінде таныстырып, жұртты алдаған жігіт сотталды

Опубликовано:

Нұрбол
Нұрбол Кәрімов. Видеодан кадр: polisia.kz

Ақтауда өзін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі төрағасының көмекшісі ретінде таныстырып, жұртты алдаған жігіт сотталды. Ол ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Антикор Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, 9 қарашада Ақтау қалалық сотында алаяқтық және пара беруге итермелеу фактісі бойынша Кәрімов пен Батырхановқа сот үкімі шыққан.

Олардың бірі 7 жыл 6 айға, бірі 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Одан бөлек, сотталушыларға мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынған.

Антикордың хабарлауынша, Кәрімов өзін агенттік төрағасының көмекшісі ретінде таныстыра отырып, Ақтау қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларынан коммерциялық объектілерді орналастыру үшін өзінің атына Каспий теңізінің жағалауындағы жер учаскесін ресімдеуді талап еткені үшін кінәлі деп танылған.

Бұдан бөлек, агенттік атап өткендей, 2020 жылы ақпанда Кәрімов Батырхановпен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында әрекет етіп, өзін Білім және ғылым вице-министрі және Алматы қаласы әкімінің көмекшісі ретінде таныстыра отырып, балабақша меңгерушісінен әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 1 млн теңге талап еткен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, 2021 жылы жазда "Нұрбол с ксивой" өзін Антикор қызметкері ретінде таныстырып, полицейлермен "мәселе шешкен" сәтінен видео тарап кеткен болатын. Сондай-ақ жігіттің Каспий жағалауынан жер телімін беруді талап еткені де анықталған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996381-ozin-antikor-qyzmetkeri-retinde-tanystyryp-zurtty-aldagan-zigit-sottaldy/