Жетісу облысы әкімінің резиденциясы 80 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті
Жарияланған күні:

Жетісу өңірінде облыс әкімінің резиденциясы балаларды оңалту орталығына айналды. Орталықтың ашылу салтанаты Панфилов ауданында өтті. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметі өз ресми Telegram арнасында хабарлады.
Бұрынғы облыс әкімінің резиденциясы болған ғимараттың орнына "Мерей" балаларды оңалту орталығы есігін айқара ашты. Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли Панфилов ауданының тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтады.

Ғимаратты қайта жөндеуге, құрал-жабдықтар мен жиһаз сатып алуға 80 миллион теңге бөлінді. Орталықта Монтессори кабинеті, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, сол сияқты сенсор, массаж, процедуралық кабинеттер, логопед, дефектолог бөлмелері, тұз шахтасы, бассейн т.б. бар. Екі корпустан тұратын ғимараттың жалпы алаңы 910,4 шаршы метр. Нысан 40 орынға есептелген.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының экс-әкімі Қанат Бозымбаев Жаркенттегі резиденциядан бас тартып, оны балаларды оңалту орталығына айналдыруды ұсынған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996410-zetisu-oblysy-akiminin-rezidenciyasy-80-million-tengege-kurdeli-zondeuden-otti/