Тоқаев пен Димаш Құдайберген ең ықпалды 500 мұсылманның тізіміне енді
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен отандық әнші Димаш Құдайберген әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның жыл сайынғы тізіміне енді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ "The Muslim 500" басылымына сілтеме жасап.
Басылымда Тоқаевтың аты "саясат" бөлімінде, ал Димаштың есімі "өнер және мәдениет" бөлімінде көрсетілген.
"Саясат" бөлімінде Қасым-Жомарт Тоқаев жайлы былай делінген:
"Президент Тоқаев реформаларды бірте-бірте жүзеге асырып, елді демократиялық және транспарентті мемлекетке апара жатыр. 2022 жылдың қаңтарында бірнеше зорлық-зомбылық ошақтары болды, бірақ маусымдағы референдум президентке реформаларды жалғастыру мандатын берді.
Маңызды реформалардың қатарында президенттік басқаруды бір реттік 7 жылдық мерзімге шектеу кіреді (бұрынғы президент 5 рет қайта сайланды) және елорданың бастапқы атауы Астананы қайтарды. 2019 жылы ол тұңғыш президенттің құрметіне Нұр-Сұлтан болып өзгертілген болатын", – делінген сайтта.
Сонымен қатар, "Өнер және мәдениет" айдарында Димаш Құдайбергеннің есімі шықты.
"Бастан сопраноға дейінгі кең вокалдық диапазоны бар әнші, бірнеше әннің авторы және мультиинструменталист. Ол Қытайдағы танымал ән шоуына қатысқаннан кейін бір түнде сенсацияға айналды және содан бері үлкен атақ-даңққа ие. Қытайда, Ресейде, Дубайда және өзінің туған елі Қазақстанда ән айту бойынша ірі марапаттарды жеңіп алды. Ол өз елінде қайырымдылық жұмыстарымен танымал. Ал оның туған қаласы Ақтөбе жақында оның құрметіне мұражай ашылғанын жариялады", – деп жазды басылым.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996466-toqaev-pen-dimas-qudaibergen-en-yqpaldy-500-musylmannyn-tizimine-endi/