Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Соңғы сөйлескенімде мұңайып тұрды": Танымал ақын Көпен Әмірбек туралы естелік жариялады

Опубликовано:

Көпен Әмір-Бек
Көпен Әмір-Бек. Фото: Facebook/baibota.koshymnogay

Бүгін белгілі сатирик, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Көпек Әмірбек өмірден өтті. Марқұмның қазасын қалың көпшілік ауыр қабылдауда. Танымал ақын Байбота Қошым-Ноғай онымен соңғы сөйлескен сәті туралы естелік жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"О, жалған-ай! Жалғанның жалған екені рас екен! Көпен Әмірбек ағамыз өмірден озыпты. Ағамызды алдынан жарылқасын! Отбасына, ағайын-туыстарына, әдебиетсүйер қауымға, барша қазақ халқына көңіл айтамын!

Алматыға жолы түспей жатса, Астанадан жиі телефон соғып, бірде өзінің аға екенін еске алып еркелететін, бірде "курстарыңның күйеу баласымын ғой" деп кішірейетін, бірде құда екенін айтып, сыйлап тұратын Көпен ағам еді ол!

Бұдан бір айдан астам бұрын төрт томдық шығармалар жинағы жарық көргенін айтып қуанып тұрды. "Сатып алайын, пошта арқылы жіберіңіз", – десем, "Жақында Алматыға барамын. Сол кезде ала барамын", – деп мәз қылып еді. Соңғы рет екі апта бұрын хабарласыппыз. Өзінің таяуда ота жасатып шыққанын, тамаққа тәбеті жоқ екенін айтып, мұңайып тұрды.

"Жақсылап демалыңыз, ем алыңыз, тәуір болып кетесіз", – деп жұбатқанмын. Қарашаның 1-і күні телефон шалсам, жеңгеміз: "Ағаңыз ауырып жатыр, сөйлесе алмайды", – дейді. Үміт үзген жоқ едім. "Жақсы, кейінірек хабарласамын", – деп қоштасқанбыз. Енді хабарласа алмаймыз ғой...

Қашан да елді күлкіге кенелтіп жүретін Көпен ағамыз ақыры күллі қазақты күңірентіп кетті!..", - деп жазды ақын Facebook желісіндегі ресми парақшасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1996484-songy-soileskenimde-munaiyp-turdy-tanymal-aqyn-kopen-amir-bek-turaly-estelik-zariyalady/

pixel