Алматыдағы крематорийдің ашылуы тағы кейінге шегерілді

Опубликовано:

крематорий
Крематорий. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыда крематорийдің ашылуы тағы кейінге шегерілді. Қала әкімдігі мұны бағаның өсуімен байланыстырады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қала әкімдігінің дерегінше, трансформаторлық қосалқы станса мен газ құбырын орнатуды есептемегенде, инженерлік желілерді тарту жұмыстары 80 пайызға орындалған.

Сондай-ақ әкімдік өкілдері 2021 жылдың екінші тоқсанындағы бағаның қарқынды өсуі трансформаторлық қосалқы стансаның сметалық құнына өзгеріс енгізуді талап етіп отырғанын атап өткен. Газ құбырының бағыты мен қосу нүктесі де өзгертілді.

"Осыған байланысты Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне өтініш жіберіліп, жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге келісім алынды. Жобалау ұйымы жобаны түзету жұмыстарын жүргізді. Қазіргі уақытта құжаттар пакеті жергілікті бюджет комиссиясына ұсынуға дайын. Жоғарыда айтылған құжаттар бекітілген соң "Мемсараптаманың" РМК оң қортындысын алып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу қажет", - дейді Алматы әкімдігі өкілдері.

Әкімдік нысанды пайдалануға беру мерзімі кейінге шегерілгенін атап өтті. Болжамды мерзім 2023 жылдың бірінші тоқсанына сәйкес келеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда крематорий биыл мамыр айында іске қосылатыны хабарланған болатын. Крематорий салуға 1 527 670 000 теңге бөлінген.

Алайда мамыр айында бұл мерзім кейінге шегерілді, инженерлік желілер бойынша жұмыстарды аяқтау биылғы жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997377-almatydagy-krematoriidin-asyluy-tagy-keiinge-segerildi/