Шымкент тұрғыны түскі асқа тапсырыс беремін деп жарты миллион теңгесінен айырылды

Опубликовано:

Ер адам ұялы телефон қарап отыр
Ұялы телефон. Көрнекі фото: Pixabay.com

Үйде отырып түскі асқа тапсырыс берген шымкенттік тұрғынның тамағы жарты миллион теңгені құраған. Ерекше оқиғаның мән-жайын қалалық полиция департаменті Instagram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, 30-қазан күндізгі сағат 12:35-те Әл-Фараби АПБ-на жергілікті жердің тұрғыны арызданған.

Тұрғынның айтуынша, екі жылдан бергі танысы үйге түскі ас алдыру үшін "арнайы мәзір арқылы тамаққа тапсырыс беремін" деп оның ұялы телефонын сұрап алған.

Кейін тұрғын өзінің банк картасындағы ақшаның жоқтығын байқайды. Сонда барып ол түскі асқа тапсырыс берген танысы оның банк қосымшасы арқылы 500 690 теңге қаржыны алаяқтық жолмен алып қойғанын түсінеді.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі бойынша ("Алаяқтық") сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Тұрғынның арызынан кейін полиция жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, тәртіп сақшылары күдікті азаматты тәулік ішінде қала аумағында қолға түсірген. Ол Түркістан облысының Ленгір қаласының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын-соңды сотты болмаған, жұмыссыз.

"Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген хабарламада.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997411-symkent-turgynynyn-tuski-asy-zarty-million-tengege-tusti/