Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Саңырауқұлақ теруге шыққан": Оралда із-түзсіз кеткен тұрғынды іздестіруге тікұшақ жұмылдырылды

Опубликовано:

Ер адамды тікұшақпен іздеуде
ТЖД ер адамды тікұшақпен іздеуде. Фото: БҚО ТЖД баспасөз қызметі

Оралда орманға саңырауқұлақ теру үшін кетіп, қайта оралмаған тұрғын іздестірілуде. Ер адамнан 5 қарашадан бері хабар жоқ. Оны іздестіру жұмысына "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы жұмылдырылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі ресми сайтында.

БҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 73 жастағы ер адам 5 қарашада үйіне оралмаған соң туыстары оны іздеуге көмек сұрап, 6 қараша күні облыстық ТЖД-ға жүгінген.

Бұдан кейін іздестіру-құтқару жұмыстары басталып, оған құтқарушылармен бірге, полиция қызметкерлерін, еріктілерді, жергілікті тұрғындарды, орманшыларды, әскери қызметкерлерді қоса алғанда жалпы саны 325 адам мен 41 бірлік техника жұмылдырылған.

Жоғалған тұрғынды іздеп жүрген адамдар
Жоғалған тұрғынды іздеп жүрген адамдар. Фото: БҚО ТЖД баспасөз қызметі

Ал қазіргі таңда жоғалған ер адамды іздестіру жұмысына "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағы қосылған.

Әзірге іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген.

жоғалған ер адамды іздеуге шыққан әскерилер
Жоғалған ер адамды іздеуге шыққан әскерилер. Фото: БҚО ТЖД баспасөз қызметі

Туыстарының айтуынша, жоғалған ер адам алкогольді асыра пайдаланбаған, есте сақтау қабілетінен айырылмаған. Бірақ өзімен бірге ұялы телефонын алмаған.

Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар қызметі жоғалған тұрғын жайлы қандай да бір ақпарат болса "112" бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметіне немесе 51-42-22 нөмірлері бойынша хабарласуды сұрайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997458-oralda-sanyrauqulaq-teruge-sygyp-qaita-oralmagan-turgyndy-izdestiru-zumysyna-tikusaq-zumyldyryldy/

pixel