Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бірегей коллаборация: Алматыда жас музыканттар альбом жазу мүмкіндігіне ие болды

Опубликовано:

Музыканттар
Фото: Jusan bank

Қазақстанда музыкалық композиция жазып шығару арзан дүние емес. Елде дарынды азаматтар көп болғанымен, трек немесе альбом жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Қуанышқа қарай, Алматыда бірнеше солист пен live-бэнд алғашқы бірлескен альбомын шығарып, ел назарына жеті авторлық трегін ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұл жастардың дыбыс жазу студиясындағы алғашқы қадамы. Олар үшін музыка қомақты қаражатты қажет ететін хобби. Бір ғана трек жазудың құны 200-300 мың теңге. Есімі шағын ғана ортада танымал, десе де талапты жастар тыңдармандарына тірі дауыста әуезді әнін ұсыну үшін барын салуда.

Ерқанат Заитов достарымен бірге «НЕсанаторий» жобасын, креативті индустрияға қолдау көрсететін шығармашылық пен мәдениеттің резиденциясын жасап шығарды. Енді бұл алаңда live-бэндтер мен солистер, оның ішінде Ерқанаттың өзі құрған First тобы жиналып, авторлық музыкасын орындай алады.

«Менің мамандығым – сәулетші-урбанист, ал музыкамен 2012 жылдан бері хобби ретінде айналыса бастадым. Бұл хоббиім осындай жобаға айналып отыр. «НЕсанаторий» жобасын біз өнерлі жастар жиналып, жәрмеңкелер, көрмелер, концерттер ұйымдастырып, өзін дамыта түсуі үшін жасадық», - дейді Ерқанат.

Ерканат Заитов
Фото: Jusan bank

Сөзінше, осы жазда жоба Almaty pop up store-ға шақырту алған. Музыканттар бұл оқиғаға бір айға жуық уақыт дайындалды. Сол жерде балалар көзге түсіп, жеті тректен тұратын альбомды жазу туралы ұсыныс келіп түсті. Әр команда өз әнін ұсынды. Ал қаржылық жағынан елдегі креативті индустрияны ұдайы қолдап жүретін Jusan Bank көмектесті.

«Биыл біз Almaty pop up store-ға қолдау көрсетудеміз, бірлесе отырып бірнеше маркет өткіздік. Олардың бірін өткізген кезде біз казақстандық дизайнерлерге арнап 1 млн теңге көлеміндегі грантты ойнаттық. Грантты Taicara бренді жеңіп алды. Екінші маркет жазда өтті, дәл сол кезде біз «НЕсанаторий» жобасымен танысып, оларға қолдау көрсетуді шештік. Осылайша оларға альбом жазуға мүмкіндік бердік. Біз студияда трек жазып қана қоймай, өнерпаздарға Sentybre.me резиденттерінен дизайнерлік киіммен фотосессия жасап бердік. Жастарға сәттілік тілейміз, алғашқы альбом шығармашылық табыстың бастамасы болып, олардың өз аудиториясын табуына, өзін көрсетуіне тілектеспіз», - дейді Jusan Bank-тың имидж бойынша бренд-менеджері Әсем Зәмзам.

Көрермендер
Фото: Jusan bank

Almaty pop up store өкілі Ақбілек Жанбатырованың айтуынша, жоба қатысушыларына арналған іріктеу критерийлері қатаң – жергілікті өндіріс болуға, заттардың дизайны бірегей болуға тиіс.

«Бұл қалалық маркет-жоба, мақсаты – жергілікті және Орталық Азия брендтерін қолдау. Музыканттарға келер болсақ, коллаборация жасау идеясы өз-өзінен туындады. Біз жастарды тыңдауға барып, олардың музыкасын ұнатып қалдық», - дейді Ақбілек.

Орындаушылар болса, бірлескен альбом жазу идеясы ары қарай дамуға жол ашатын қолайлы әрі сәтті мүмкіндік деп есептейді. Retreat тобының мүшесі Азамат Алтыбасовтың сөзінше, бүгінде команданың 60-тан астам трегі бар. Олардың үшеуі ғана студияда жазылған.

Азамат Алтыбасов
Фото: Jusan bank

«Топ екі жыл бұрын құрылды, бірі келіп, бірі кетіп жатты. Қазіргі таңда топта бес адам бар. Әндерді мен, кейде басқаларымен біріге жазамын. Негізгі жұмысым кино саласымен байланысты. Мен монтаж режиссерімін және болашақта толықметражды фильм немесе сериал түсіруді армандаймын. Музыка – хоббиім, бірақ бұл іс те табыс әкелетіндей болғанын қалаймын, осылайша музыкаға да көбірек уақыт арнауға болар еді», - дейді Азамат.

«НЕсанаторий» тобының ең жас солисі – 19 жастағы Малика Орманова есімді орындаушы. Алматыға Ақтаудан білім алу үшін келген ол қазіргі таңда колледжде оқып жатыр. Малика бала кезінен музыкамен айналысқанын, вокал және актерлік шеберлік бойынша сабақ алғанын жасырмайды. Ол 12 жасында-ақ «На волне» әнінің бір бөлігін жазған. Аталған ән бірлескен альбомға еніп отыр.

Малика Орманова
Фото: Jusan bank

«Ойымыз бір жерден шығатын жандарды табуды үнемі армандайтын едім және бұл арманым орындалды. Мен концерттерде өнер көрсететін болдым. Енді әнімді шығару мүмкіндігі туып отыр. Арманым осылай орындалып жатқаны қуантады. Музыка мені шабыттандырады және ынталандырады. Мен әнім арқылы адамдарды өз жүрегін тыңдауға үйреткім келеді», - деді ол.

Жақын арада альбомды барлық музыкалық алаңнан тыңдауға болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997751-biregei-kollaboraciya-almatyda-zas-muzykanttar-albom-zazu-mumkindigine-ie-boldy/

pixel