Ақтөбелік келіншек үшемді өмірге әкелді

Опубликовано:

Нәресте
Нәресте. Көрнекі фото: pixabay.com

Ақтөбеде 24 жастағы келіншек Фатима, Медина, Әмина есімді үшем дүниеге әкелді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Сәбилер облыс орталығындағы перинаталдық орталықта өмірге келді. Отбасы Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарши ауылында тұрады. Сәбиін қолына алған жас ананың қуанышында шек жоқ.

"Үшем екенін жүктіліктің 12 аптасында білдік. Қуандық. Жүктілік қалыпты өтті. Балалар қазір дәрігерлердің бақылауында",- дейді жас босанған ана Жайнагүл Қалила.

Бойлары 42-43 см, салмағы 2020-2200 гр болатын нәрестелердің денсаулығы қалыпты, анасының қасында жатыр.

"ЭКО емес, балалар ананың бойына табиғи жолмен біткен. Үшемдердің денсаулығы қалыпты. Кесір тілігі арқылы босанды. Отаны Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының білікті дәрігері Алексей Хасанов жасады. Облыстық перинаталдық орталықтың материалдық-техникалық базасы жоғары, ана мен балаға жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсетуге әбден лайықты.

Арнайы жобамен салынған, инновациялық технологиямен жабдықталған перинаталдық орталықта үшемдер салмақ қосып болған соң, үйлеріне шығарылады",- деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қыметі.

Ақтөбе облыстық перинаталдық орталық мамандары 2022 жылдың 10 айы ішінде үшінші рет үшем мен олардың анасының өмірін сақтап қалды.

Ең алғашқы үшем 2022 жылдың мамыр айында өмірге келген еді. Ата-аналары оларға Кемел, Қасым, Жомарт есімін берді. Ал Мариям, Аиша, Амина есімді екінші үшемдер бір ай бұрын дүниеге есігін ашты.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997813-aqtobelik-kelinsek-usemdi-omirge-akeldi/