8 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген 71 жастағы қазақстандық әйел Ресейде ұсталды

Опубликовано:

Кісен салу
Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

8 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген 71 жастағы қазақстандық әйел Ресейде ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"16 қарашада Маңғыстау облысы Полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының іздестіру тапсырмасы бойынша Орловск облысы бойынша Ресей Федерациясы ІІМ-нің "Новосильское" бөлімшесінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Қазақстан Республикасының азаматшасын ұстады", - деп мәлім етті Маңғыстау облыстық полиция департаментінен.

Әйел алаяқтық жасады деген айыппен іздеуде болған. Ол 2010 жылдың сәуір айында жалған құжаттар бойынша 1500000 теңгеге жәбірленушіге банкте кепілде тұрған Мұнайлы ауданы мекенжайы бойынша жер учаскесін сатқан.

Сондай-ақ, сол жылы маусым айында өзінің қылмыстық ниетін жалғастыра отырып, жәбірленушіге Мұнайлы ауданындағы жер учаскесін жалған құжаттармен 4500000 теңгеге сатқан.

Жалпы алаяқтың әрекеттерінен 74 адам зардап шеккен. Келтірілген материалдық шығын 50 миллион теңгеден асқан.

Полиция қызметкерлері күдіктіні Ресей ІІМ Новосильск бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997887-8-zyl-boiy-xalyqaralyq-izdeude-zurgen-71-zastagy-qazaqstandyq-aiel-reseide-ustaldy/