Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ең бастысы – ниет": көпбалалы аналар өз ісін дамыту мүмкіндіктері туралы әңгімеледі

Жарияланған күні:

кәсіпкер
Альбина Нұрғожина. Фото: Альбина Нұрғожинаның жеке мұрағаты

Тұрақты табыс әкелетін бизнесті бастау өткен жылы басталған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның арқасында көпбалалы отбасылар үшін мүмкін болып отыр.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның негізгі тетіктерінің бірі «Бастау Бизнес» бағдарламасы болып табылады. Ол ісін жаңа бастаған бизнесмендерге кәсіпкерлік негіздерін және өз ісін одан әрі дамыту үшін қажетті дағдыларды үйренуге жол ашады. Сонымен қатар, оқытудан өткеннен кейін бағдарламаға қатысушы сертификат алады және өзінің бизнес-идеясын одан әрі іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде грант иегері болу мүмкіндігіне ие болады.

Дәл осы мүмкіндікті Атырау облысы Индербор кентінің тұрғыны Альбина Нұрғожина сәтті пайдаланды. Өз ісін ашқанға дейін Альбина бірнеше жыл банкте жұмыс істеген. Дегенмен декретке шығу бәрін өзгертті. Содан кейін Альбина қызмет саласын түбегейлі өзгертуге және сүйікті ісімен айналысуға шешім қабылдады.

Кәсіп
Фото: Альбина Нұрғожинаның жеке мұрағаты

«Декреттік демалысқа шыққаннан кейін мен тігін ісімен айналысуға бел байладым. Өйткені бала кезімнен тігуді ұнататынмын, бұл әрқашан сүйікті ермегім болды. Декретте отырып, неге қызығушылығымды табысқа айналдырмасқа деп ойладым. Осылайша өз күшімді сынап көруді және қалыңдық жасауын әзірлеуге қатысты шағын бизнесімді бастауды шештім», - деп бөліседі Альбина.

Кейіпкеріміз 6 бала тәрбиелеп отыр. Алайда үй шаруасы оған «Бастау Бизнес»бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өтуге кедергі болған жоқ. Бұл Альбинаға өз ісін одан әрі дамыту үшін грант жеңіп алуға көмектесті.

«Бұл жоба туралы маған досым айтып, қатысуға кеңес берді. Бардым да қажетті құжаттарды тапсырдым, оқудан өттім. Содан кейін грантқа өтініш беріп, күтпеген жерден оны жеңіп алдым. Бұл игілік маған көп көмектесті. Осындай қолдау көрсеткені үшін мемлекетке зор алғысымды білдіргім келеді. Осының арқасында мен екі тігін және кесте машинасын сатып алдым. Мұндай шығындарды өзім көтере алмас едім», - дейді кәсіпкер.

Альбинаның алдағы жоспары - өз брендін дамыту және жергілікті деңгейде ғана емес, сонымен қатар республика мен жақын шетелдерде де дербес өндірісінің өрісін кеңейту. Ол үшін Альбина үнемі түрлі шеберлік сабақтарынан өтіп, тігін ісінде өз дағдыларын жетілдіруде.

«Білесіз бе, ең бастысы - ниет. Қазір менің ісім маған жақсы табыс әкеледі, бірақ қазір одан әрі дамығым келеді. Балаларым шабыттандырып, оларға еңбекқорлық пен үнемі дамудан танбау өмірде жетістікке жетуге көмектесетінін көрсеткім келеді», - дейді Альбина.

Бұл сүйікті істің бизнес-идеяға айналуының жалғыз ғана мысалы емес.

Павлодар облысы Успенка ауылында тағы бір өнегелі кәсіпкер Жайна Орынбаева тұрады. Жұбайымен бірге ол 5 бала тәрбиелеп отыр. Өткен жылы кондитерлік өнімдерді шығару ісін бастауға шешім қабылдаған. Жайнаның айтуынша, отбасы мен мемлекеттің қолдауы өз бизнесін ашуға көп жағынан септігін тигізді.

тәттілер
Фото: Жайна Орынбаеваның жеке мұрағаты

«Мен әрқашан туыстарым мен таныстарым үшін әртүрлі кондитерлік өнімдерді пісіргенді ұнататынмын. Кейін дәмханада жұмыс істеген кезде дүкен ашқаным жақсы болар еді деп ұйғардым. Кондитерлік цех ашылғаннан кейін бірден «Бастау Бизнес» бағдарламасында оқыдым, содан кейін – тоңазытқыш пен пеш сатып алуға мүмкіндік сыйлаған грантты ұтып алдым», - дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, тиісті қолдаудың арқасында өндіріс көлемін арттыра алды. Қазір жаңа жабдықты сатып алу тек тапсырыс бойынша тағам дайындалып қана қоймай, өнім қатарын кеңейтуге және өз клиенттерін дайын өніммен қуантуға мүмкіндік берді.

«Жалпы, мен үлкен асхана мен толыққанды кондитерлік дүкен ашқым келеді. Келесі жылы құрылысты бастауды жоспарлап отырмын», - деді Жайна алдағы жоспарларымен бөлісіп.

Бизнес-идеяларды жүзеге асыруда көпбалалы отбасыларды қолдаудың жарқын мысалдары осымен шектелмейді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың басынан бастап республика бойынша 400 АЕК мөлшерінде өз ісін дамытуға 6000-нан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік грант иегері атанды. Олардың жартысынан көбі ауыл тұрғындары.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997909-en-bastysy-niet-kopbalaly-analar-oz-isin-damytu-mumkindikteri-turaly-angimeledi/