Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алғашқы жұмыс орны" жобасының қатысушылары тұңғыш кәсіби қадамдары туралы айтып берді

Жарияланған күні:

тағам
Көрнекі фото: pixabay.com

Ресми түрде тәжірибесіз мен еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуға, алғашқы кәсіби тәжірибе алу мен кем дегенде бір жылға тұрақты жұмыс орнын табуға қол жеткізу - мұндай мүмкіндікті 29 жасқа дейінгі қазақстандық жастарға "Алғашқы жұмыс орны" жобасы береді.

Қазақстандағы жастар бүкіл әлемдегі сияқты заманауи трендтерді белсенді ұстанады және жаңа мамандықтар мен табыс табу тәсілдерін тың қарқынмен игеруде. Осылайша пандемия кезінде көптеген жас фрилансерлер пайда болды. Олар интернет арқылы алынған тапсырыстарды орындау немесе басқа елде мыңдаған шақырым жерде орналасқан жұмыс берушіге қызмет көрсету арқылы ақша табады. Бір жағынан, мұндай белсенділік мақтауға тұрарлық, екінші жағынан, фрилансерлерде олардың еңбегі төленетініне, олардың құқықтары қорғалатынына кепілдік жоқ. Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың белсенді пайда табу мүмкіндіктерін іздейтін өкілдерімен бірге NEET (not in Education, Employment or Training) санаты – жұмыс істемейтін және оқымайтын жастар шоғыры қалыптасуда.

Жас қазақстандықтардың осы және басқа да санаттарын нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде "Алғашқы жұмыс орны" жобасы іске қосылды. "Алғашқы жұмыс орны" жақында университетті немесе колледжді бітірген немесе тек мектеп білімі бар 29 жасқа дейінгі жастарға беріледі. Жобаға қатысу арқылы олар алғашқы жұмыс тәжірибесі мен еңбек өтілін ала алады.

2022 жылдың алғашқы 10 айында ғана осы жоба аясында Қазақстанда 3 639 адам жұмысқа орналастырылды. Жобаға қатысу бойынша ең белсенді өңір – Түркістан облысы, онда 672 адам өзінің алғашқы жұмыс орнын тапты. Алматы қаласында жобаның 344 қатысушысы, Алматы облысында – 308, Қарағанды облысында – 301 және Шымкент қаласында – 296 адам жұмысқа орналастырылды.

Жобаға қатысушылардың бірі - С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің түлегі Адеми Ақылқожа. Ол 2021 жылы "Қайта өңдеу өндірістерінің технологиясы (салалар бойынша)" мамандығы бойынша оқу бітірді.

"Бұл әртүрлі тағамдар мен кондитерлік өнімдердің рецептурасына қатысты, – деп әңгімелейді Адеми Ақылқожа өз мамандығы туралы. - Қарапайым тілмен айтқанда, біз қамырға не қосу керектігін және онда не болмауы керек екенін зерттедік. Егер тым көп қосқанда не болатынын білдік. Сондай-ақ, ингредиенттер қосылатын жағдайларды білу қажет, олар жылы немесе суық болуы керек. Олар қалай өңделеді, бұл жайттардың барлығы технологиялық процесс үшін маңызды.

ЖОО-ды бітіргеннен кейін Адеми Семей қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығына жүгініп, "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысты кеңес алды. Содан кондитерлік тағамдар мен өнімдер шығаратын компанияға жіберілді. Наубайханада бал торттары, бауырсақтар, тоқаштар пісіріледі және міне бірнеше жыл бойы семейліктерді дәмді кондитерлік өнімдермен қуантуда. Жұмыс беруші Раушан Мұқажанова жаңа қызметкерге риза. Ол "Алғашқы жұмыс орны" жобасын өте маңызды және қажет деп санайды. Өйткені ол шағын бизнесті дамытуға және жастарға жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді.

Айта кету керек, оқу орындарының түлектері үшін жоба бойынша жұмыс орындары олар алған кәсіп (мамандық) немесе Кәсіптердің ұлттық жіктеуішіндегі сол кәсіп тобына жататын жақын кәсіп (мамандық) бойынша құрылады.

Мәселен, Павлодар техникалық-экономикалық колледжінің "бухгалтер-экономист" мамандығының түлегі Екатерина Запороженко "Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысып, мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Оқуды аяқтағаннан кейін Екатерина Павлодар облысы Успен ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінді. "Галицкое" ЖШС-не жолданып, онда ол ағымдағы жылдың 5 шілдесінен бастап бухгалтерияда жұмыс істеуде.

"Алғашқы жұмыс орны" жобасына қатысу мерзімі 18 айдан аспайды. Бірақ жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жас қызметкерге кемінде 12 ай тұрақты жұмыс орны беріледі. Жалақы кемінде 30 АЕК (91 890 теңге) құрайды, бірақ жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша одан жоғары белгіленуі мүмкін. Сонымен қатар, жұмыс берушінің қалауы бойынша нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақы енгізіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997941-algasqy-zumys-orny-zobasynyn-qatysusylary-tungys-kasibi-qadamdary-turaly-aityp-berdi/