Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Еңбек министрлігі жұмыссыз жандар қандай қолдау шараларына иек арта алатынын айтты

Опубликовано:

Олжас Ордабаев
Олжас Ордабаев. Фото: Олжас Ордабаевтың жеке мұрағатынан

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев жұмыспен қамту шараларына қатысты NUR.KZ сұрақтарына жауап берді.

- Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі халықты жұмысқа орналастыру мәселесінде қандай қолдау шараларын көрсетуде?

- Егер жұмыспен қамту мәселелері тұрғысындағы қолдау шаралары туралы айтатын болсақ, оларды шартты түрде 2 түрге бөлуге болады: жұмыспен қамту орталықтары азаматтарға жұмыс іздеуге көмектесетін еңбек делдалдығы және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары, яғни тікелей жұмыспен қамту орталықтары көрсететін шаралар.

Бірінші жағдайда, жұмыс орындарын құру көптеген жайттарға, соның ішінде іске асырылып жатқан ұлттық жобаларға, кәсіпорындарды ашуға, кеңейтуге және жалпы елдегі және аймақтағы бизнес-ахуалға байланысты екенін түсіну керек. Еңбек министрлігі мен халықты жұмыспен қамту орталықтарының міндеті – жұмыс істеп тұрған бос жұмыс орындары туралы ақпарат жинау және жұмыс іздеп жүрген азаматтарды осы жұмыс орындарына жолдау.

- Ал жұмыспен қамтудың белсенді шаралары туралы не деуге болады?

- Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына келетін болсақ, оларға жалақыны ішінара субсидиялау (жалақының бір бөлігін субсидиялай отырып, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін ұйымдастырылады); қоғамдық жұмыстарға жіберу жатады. Соңғысы жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылады және қызметкердің алдын ала кәсіби дайындығын қажет етпейді.

Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың белсенді шараларының ішінде "Жастар практикасын" (алған кәсібі бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатында соңғы 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған жастарға арналған); "Алғашқы жұмыс орнын" (жұмыс тәжірибесі жоқ жастар үшін ұйымдастырылады); "Күміс жасты" (зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған) атап өтуге болады.

"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы да бар. Оның мәні зейнеткерлік жасқа дейінгі тәжірибелі қызметкердің орнын алмастыру үшін жас маман даярлау. Өз ісін дамытуға арналған гранттарды беру (гранттардың мөлшері 400 АЕК-ке дейін); қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру шараларын келтірсек, әбестік етпейді.

Егер азаматтар жұмыс іздеу кезінде қиындыққа тап болса, онда олар жоғарыда аталған қолдау шараларын қолдана алады. Оларды жұмыспен қамту орталығында да, enbek.kz порталында онлайн режимде де алу мүмкін дүние.

- Халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешетін Ұлттық жобалар туралы айтып беріңізші.

- Қазіргі уақытта 10 ұлттық жоба іске асырылуда. Олардың толық тізімі келесідей:

1. "Дені сау ұлт" - әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасы.

2. "Білімді ұлт" - сапалы білім беру» ұлттық жобасы.

3. "Ұлттық рухани жаңғыру" ұлттық жобасы.

4. "Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасы.

5. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба.

6. "Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы.

7. "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу" ұлттық жобасы.

8. "Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасы.

9. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба.

10. "Қауіпсіз ел" ұлттық жобасы.

Әрбір ұлттық жобаның алдына өз мақсаттары қойылған, бірақ оларды біріктіретін нәрсе - барлығында жұмысқа орналастыру бойынша міндеттер мен көрсеткіштер бекітілген. Мәселен, 1 қарашада 503,6 мың адам жұмыспен қамтылды.

Ұлттық жобалар шеңберінде бос жұмыс орындарын жариялау және жобалар арқылы жұмысқа алу Электрондық еңбек биржасы арқылы автоматтандырылған. Бұл халықтың құрылатын бос жұмыс орындарына ашық қол жеткізуін қамтамасыз етеді. Ал бізге өз кезегінде көрсеткіштерге қол жеткізуді жедел бақылауға мүмкіндік береді.

- Бүгінгі таңда Қазақстандағы жұмыссыздар статистикасы қандай?

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанындағы Ұлттық статистика бюросының мәліметіне жүгінсек, жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрайды. Бұл халық санының өсуі мен жастардың еңбек нарығына шығуын ескерсек, жақсы көрсеткіш.

Олжас Ордабаев
Олжас Ордабаев. Фото: Олжас Ордабаевтың жеке мұрағатынан

- Құзырлы мекеме ретінде, жақында жоғары оқу орындары мен колледждерді бітірген жастарға жұмысқа орналасу жағынан қандай мүмкіндіктер ұсына аласыздар?

- Жастарды еңбек нарығына бейімдеу - бұл Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өте маңызды мәселе. Оқу орындарының түлектері жұмыс тәжірибесінің болмауына байланысты жұмысқа орналасуда жиі қиындықтарға тап болады. Жұмыс беруші, өз кезегінде, тәжірибесіз маманды жұмысқа қабылдай отырып, әрдайым еңбек өнімділігін құлдилатуға дайын емес. Өйткені бұл кірістің азаюына әкеп соқтыруы ықтимал.

Жастар тәжірибе жинап үлгеріп, жұмыс беруші табысын жоғалтпауы үшін бізде бірқатар жобалар қарастырылған. "Жастар практикасы" өткен 3 жыл ішінде оқуын аяқтаған жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері қатарындағы жұмыссыз жастарға арналған. Мемлекет 30 АЕК (92 мың теңге) жалақы мөлшеріне кепілдік береді, 12 айға дейін қатысуға болады. Өз кезегінде жұмыс берушіге ешкім қосымша ақы төлеуге тыйым салмайды.

"Алғашқы жұмыс орны» жұмыс тәжірибесі мен білімі жоқ жастарға бағытталған. Бұл жобаға жас қазақстандықтар 30 АЕК жалақымен 18 айға дейін қатыса алады. Жұмыс берушіге де қосымша төлем тағайындауға жол ашық. "Ұрпақтар келісімшартының" қатысушылары 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған оқу орындарының түлектері болып табылады. Жобаның мәні зейнеткерлік жасқа дейінгі тәжірибелі қызметкердің (тәлімгер) орнына жас маманды алу және дайындауда жатыр. Бұдан басқа, дербес іс ашу үшін гранттар беру құралы іске асырылуда. Ағымдағы жылы гранттар мөлшері 200-ден 400 АЕК-ке дейін (1,2 млн теңге) ұлғайтылды.

2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, "Жастар практикасымен" 27,2 мың адам, "Алғашқы жұмыс орны" жобасымен – 3,6 мың адам және "Ұрпақтар келісімшарты" жобасымен 485 адам қамтылды. Гранттарды 11,8 мың жас иеленді. Сондай-ақ, 32 мыңнан астам жас қоғамдық жұмыстарға жіберілді.

Сонымен бірге, оқу орталықтарында да, жұмыс орнында да жұмыс берушінің қажеттіліктеріне сәйкес қысқа мерзімді оқыту жүзеге асырылуда. Яғни, қазақстандықтар жаңа мамандық меңгереді. Жалпы 3,6 мың жас оқумен қамтылды. Келесі жылы жастарға кәсіпкерлік бастамаларын дамыту үшін жаңа құрал – 2,5% жеңілдікпен шағын несиелендіру енгізіледі.

- Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырудың қазіргі жағдайы қандай?

- Жастарды жұмыспен қамту мәселесімен қатар, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру да маңызды болып табылады. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде мүгедектігі бар адамдар дәстүрлі күндізгі сипатта да, Электрондық еңбек биржасы базасында онлайн режимде де қысқа мерзімді оқудан өте алады. Ағымдағы жылдың 10 айында 423 мүгедектігі бар адам оқумен қамтылды.

Оқытудан басқа, бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз мемлекеттік гранттар алу мүмкіндігі де бар. Гранттарды 2 мыңға жуық адам алды. Бұдан басқа, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына және ЭЕБ порталында орналастырылған бос орындарға жұмысқа орналастыру көзделген.

Сондай-ақ, Заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайы зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-ден 4%-ға дейін (кемінде 50 адам) мөлшерінде жұмыс орындарына квота белгілейтінін ұмытпауымыз керек. Осыған байланысты, мүгедектігі бар адамдардың жұмыс орындарын квоталау аясында, кәсіпорындар оларды ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан жұмысқа орналастыруға міндетті.

Сондай-ақ, 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибені ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жарақтандыруға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілді. Субсидиялар жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында беріледі. Орташа алғанда, мүгедектігі бар адам үшін бір жұмыс орнын ұйымдастыруға шамамен 1 млн теңге жұмсалады. Осы тетікті іске асыру тәжірибесін ескере отырып, 2023 жылдан бастап мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын ұйымдастыратын жұмыс берушілердің шығыстарын өтеу жөніндегі тетікті кемінде 300 АЕК көлемінде енгізу жоспарлануда.

Жоғарыда аталған жұмыспен қамту шараларына қатысу үшін тұрғылықты жер бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну не ЭЕБ порталын пайдалану қажет.

- Еңбек министрлігінің қызметтерді цифрландыру мәселесіндегі соңғы жетістіктері туралы не айта аласыз?

- Цифрландыру мәселесінде Еңбек министрлігі қазіргі заман үдерісінен қалмауда. Мәселен оған дәлел, Цифрлық жұмыспен қамту орталығының тұжырымдамасын іске асырудамыз. Бұл дегеніміз, Қазақстан азаматы біздің барлық қызметімізді онлайн режимде ала алады. Қазір enbek.kz сайтында жұмыс іздеуші, жұмыссыз ретінде тіркеліп, жоғарыда сипатталған жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық белсенді шараларын пайдалануға болады.

Субсидияланатын жұмыс орындарының бос жұмыс орындарына орналастыру, жұмыс берушілер мен жұмыспен қамту орталықтары арасында шарттар жасасу және тағы басқа дүниелер электрондық сипатқа ауыстырылды. 120 мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздерін онлайн оқыту мүмкіндігін пайдаланды. Гранттарға 21 мыңнан астам адам қол жеткізді.

Бүгінгі таңда Жұмыспен қамту орталығына комиссия алдында бизнес-жоспарды қорғап, грант алу үшін, сондай-ақ қысқа мерзімді оқыту үшін ғана бару жеткілікті.

Жалпы, процестерді цифрландырудың артықшылықтары адами факторды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, қолдау шараларының қолжетімділігі мен ашықтығын арттыру болып табылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1997996-enbek-ministrligi-zumyssyz-zandar-qandai-qoldau-saralaryna-iek-arta-alatynyn-aitty/

pixel