"Біздің батырымыз": ТЖМ өрт сөндіру кезінде көз жұмған Асқар Забикулин туралы жан тебірентерлік видео жариялады

Опубликовано:

Асқар Забикулин
Асқар Забикулин. Фото: Астана әкімдігі

Төтенше жағдайлар министрлігі Астанада үш адамның өмірін құтқарып, өзі жансақтау бөлімінде көз жұмған өрт сөндіруші Асқар Забикулин туралы жан тебірентерлік видео жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бейнежазбада өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ерлігі туралы баяндалған, сондай-ақ, марқұмның жұмыс барысындағы фотосуреттері көрсетілген.

"Ер есімі - ел есінде", - делінген видео сипаттамасында.

Желі қолданушылары марқұм туралы жылы пікірлерін жаудырып, отбасына көңіл айтуда.

"Ерлікпен қаза тапқан бауырымыздың арты қайырлы болсын", "Бейбіт заманның батыры. Алдынан жарылқасын", "Біздің батырымыз! Сені ешқашан ұмытпаймыз. Отбасыңа сабыр берсін", - деп жазды қолданушылар.

Еске сала кетейік, 16 қарашада Астанада көпқабатты тұрғын үйдің 11-қабатында орналасқан пәтерден өрт шығып, бірнеше адам ауруханаға түскен болатын. Олардың арасында отқа оранған пәтерден өмірін қатерге тігіп, бес адамды құтқарған өрт сөндірушілер де бар.

Кейін өрт сөндірушілердің бірі - Асқар Забикулиннің жағдайы ауыр екені, екінші науқастың жағдайы орташа дәрежеде екені белгілі болды.

20 қарашада Төтенше жағдайлар министрлігі дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасағанын, алайда Асқар Забикулиннің өмірін сақтап қала алмағанын жеткізді.

Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998223-bizdin-batyrymyz-tzm-ort-sondiru-kezinde-koz-zumgan-asqar-zabikulin-turaly-zan-tebirenterlik-video-zariyalady/