Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"83 қап тәркіленді": Ұлытауда алтын кенін заңсыз өндірумен айналысты деген күдікпен бір топ адам ұсталды

Опубликовано:

Алтын
Алтын. Көрнекі фото: pixabay.com

Ұлытау облысында алтын кенін заңсыз өндірумен айналысты деген күдікпен бірнеше адам ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақпараттық медиа порталдың жазуынша, 17 қарашада Ұлытау облысының полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Ұлытау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері карьерлердің бірінің аумағында жедел іс-шаралар жүргізген.

Оның барысында полиция қызметкерлері алтын кенін заңсыз өндірумен айналысты деген күдікпен 30 және 41 жастағы жеті ер адамды ұстаған.

Оқиға орнынан экскаватор, су айдауға арналған құбырлар мен шлангтар, бір бөшке жанармай және 83 қап алтын кені тәркіленген.   

Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер осы қылмысты ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен – екі жол талғамайтын көлікпен жүрген 23 және 34 жастағы екі ер адамды ұстаған.

Бірінші көлікті тексеру барысында бес патроны бар тапанша, екінші көліктен үш патронмен бірге травматикалық тапанша табылып, тәркіленген. Сараптама қорытындысына сәйкес, екі қару да атуға жарамды болып шыққан.   

Басылымның жазуынша, қазіргі таңда аталмыш факті бойынша Қылмыстық кодекстің 334-бабы (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану) және 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998494-83-qap-tarkilendi-ulytauda-altyn-kenin-zansyz-ondirumen-ainalysty-degen-kudikpen-bir-top-adam-ustaldy/

pixel