Желіде кредиттердің кешірілгені туралы жалған ақпарат тарады

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "кредиттерге рақымшылық" жасалғаны туралы әлеуметтік желілердегі хабарламаларға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ведомствоның ресми сайты хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде "кредиттік рақымшылық" жүргізілді және қарыздардың барлық түрі есептен шығарылды деген ақпарат мерзімді түрде таратылуда.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ақпараттар шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді.

"Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "азаматтарды адастыру және олардың қаржылық жағдайын қиындататын әрекеттерге итермелеу мақсатында таратылатын ақпараттың дәйексіздігі туралы мәлімдейді" - делінген ведомствоның ресми хабарламасында.

Бұл ретте агенттік былтыр несиесі бойынша қарызы бар азаматтарды қолдауға бағытталған бірыңғай тәртіп енгізілгенін еске салып өткен.

"Атап өтейік, кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарды қолдау үшін 2021 жылғы қазаннан бастап берешекті реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілді.

Кредиттердің мерзімі өтіп кеткен жағдайда қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуі қажет. Онда олардың өтініші қаралады және проблемалы берешекті қайта құрылымдау шарттары ұсынылады" - дейді ведомство өкілдері.

Агенттік қарызды қайта құрылымдау шарттарын атап өтті:

  • сыйақы мөлшерлемесін төмендету;
  • төлемді кейінге қалдыру;
  • өтеу әдісін өзгерту;
  • қарыз мерзімін ұлғайту;
  • мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл), қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді жою және тағы басқа түрінде болуы мүмкін.

Агенттіктің хабарлауынша, берешекті реттеу туралы шешім қарыз алушының қаржылық жай-күйін және оның қаржы ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындау жөніндегі мүмкіндіктерін терең талдау негізінде жеке тәртіппен қабылданады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998862-zelide-kreditterdin-kesirilgeni-turaly-zalgan-aqparat-tarady/