Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында шатыры ұшып кеткен мәдениет үйінің төбесі тесілуге айналған

Опубликовано:

Ақтөбе облысында төбесінен су ағып тұрған клуб
Ақтөбе облысында төбесінен су ағып тұрған клуб. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Көкбұлақ ауылында екі жыл бұрын шатыры ұшып кеткен клуб ғимаратының төбесі тамшылаған жаңбыр суынан тесілуге айналды. Ауыл тұрғындары әкімдіктің екі жылдан бері мәдениет үйін жөндеуге асықпай отырғанына наразы, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылдық округі Көкбұлақ ауылындағы клубтың жағдайы мәз емес. Аудан әкімінің "клуб төбесін жөндеймін" деген уәдесі орындалмай қалды. Клуб ішінде кітапханамыз бар. Өзіміз де, балаларымыз да кітапханаға бара алмай қалдық. Жаңбырдан клуб іші суға толып, төбелері құлап жатыр, кім жауап береді", – дейді жағдайды түсіндірген ауыл тұрғыны Қайрат Ізтұрғанов.

Аудандық әкімдік ауыл клубының шатыры екі жыл бұрын дауылмен ұшып кеткенін жоққа шығармайды. Бірақ бұған дейін ауыл клубына күрделі жөндеу жүргізілген, ең қызығы, ауыл атқамінерлері сол мердігер компанияны сотпен іздеуде. 2017 жылы клубқа күрделі жөндеу жүргізген мекемеге шатырды қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу үшін олар бірнеше рет хат та жолдаған.

Ақтөбе облысы, Көкбұлақ ауылындағы шатырсыз клуб
Ақтөбе облысы, Көкбұлақ ауылындағы төбесі тесілген клуб. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Байғанин аудандық мәдениет үйі" МҚК-на қарасты Көкбұлақ ауылдық клубының шатыры 8.07.2020 жылы ұшып, түгелдей жарамсыз болды. Кепілдік негізінде қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін мердігерге бірнеше рет хат жолданды. Алайда, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген орындаушы шартта көрсетілген мекен-жайында болмауына байланысты хаттар кері қайтарылды", – дейді Байғанин ауданы әкімдігінен.

Әкімдік өкілдері 2020 жылы Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына да жүгінген. Сот мердігер компанияға клуб шатырын қалпына келтіруді міндеттеді. Бірақ жеті рет жазылған арыздан нәтиже жоқ. Әкімдік өкілдері мердігер компанияның мекенжайын таппай қалған. Дегенмен, әкімдік ауыл клубының шатыры жөнделетінін хабарлады.

Ақтөбе облысы, Көкбұлақ ауылындағы шатырсыз клуб
Ақтөбе облысы, Көкбұлақ ауылындағы төбесі тесілген клуб. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Көкбұлақ ауылдық клубының шатырын қайта қалпына келтіру мақсатындағы жұмыстар жақын арада аяқталады. Жоғарыдағы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жүгінген орындардың шешімін негізге ала отырып, клуб шатырын жақын арада қалпына келтіретініміз хабарланады",– деп сендірді Байғанин ауданының әкімдік өкілдері.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе облысы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1998930-aqtobe-oblysynda-satyry-usyp-ketken-madeniet-uiinin-tobesi-tesiluge-ainalgan/

pixel