Үйленген отбасылар бір жыл ішінде балалы бола алмаса, дабыл қағуы керек пе
Жарияланған күні:
Елімізде күн санап сәби иісін аңсаған жұптар саны артуда. Уақытынан кешігіп, сан соғып қалмас үшін отбасы құрған жастар қай кезде дабыл қағуы керек? Бедеулік пен ЭКҰ мәселесі туындаса, қандай маманға тексерілу қажет? Бала сүюді армандайтын отбасыларды мазалаған өзге де сұрақтарға экстракорпоралді ұрықтандыру әдісін (ЭКҰ) елімізге ғана емес, Орта Азияға алғаш рет енгізген, биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz.
Салтанат Берденқызы, әңгімемізді қазіргі таңдағы ең өзекті мәселенің біріне айналған бедеуліктен бастасақ. Жалпы, статистикалық деректер не дейді?
- Бедеулік бойынша статистика дүние жүзінде орташа. Отбасылардың 15-20 пайызы бұл мәселемен бетпе-бет келеді. Қазақстанда да солай. Бірақ жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе кеш ұрпақты болуды жоспарлау кері әсерін тигізуде. 35-40 жасқа дейін үйленбей немесе үйленгеннің өзінде тежеп, әртүрлі гормондық дәрілер ішіп, сақтанып жүріп уақытты өткізіп алады. Ертеңгі күні бедеулікке ұшырауы әбден мүмкін. Сол үшін көп нәрсе адамның өзіне байланысты.
Аборт мәселесі де бар. Жүкті болып, жасанды түсік жасату да бедеулікке алып келеді. Оны қанша жерден айтсаң да, жеңіл-желпі қарайтын адамдар бар. Дәлелді медицинаға сену керек. Әркімнің әр нәрсе айтқан жарнамасына ермеңіздер.
- Репродуктология саласы Қазақстанда қандай деңгейде?
- Біздің ұрпақты болу мүмкіндігімізді зерттеп, тексеретін әр саланың өзінің маманы бар. Репродуктология саласында мәселелер көп. Ол мәселелер тек дәрігерге ғана байланысты емес. Жалпы халыққа, соның ішінде әлеуметтік жағдайға байлаулы. Солардың ішінде, мысалы, ана мен сәбидің өлімін азайту мәселесі өзекті. Өйткені қазір өздеріңіз білесіздер, жүкті әйел перзентханаға баруға, бала тууға қорқады. Себебі әртүрлі кері ақпараттарды естиміз. Күн сайын түрлі жағдайлар болып жатыр. Оны азайтудың мүмкіндіктері бір жағынан халықтың өзіне байланысты.
Әйелдер мысалы, дәрігердің айтқанын тыңдамай, көбінесе терапевтік тексеруден өтпейді. Біреулерде қан қысымы жоғары, біреудің жүрегі ауырады, енді бірінде тағы басқа неше түрлі патологиялар болуы ықтимал. Жүктілікке дайындалмай бала көтереді де, ертеңгі күні түрлі қиын жағдайларға түсіп жатады. Сол үшін жүкті болатын әйел сауатты, саналы түрде оған дайындалуы керек. Ол үшін жергілікті терапевт, отбасылық дәрігердің тексерісінен өтіп, одан басқа да аурулары болса, бәрін реттеп, содан кейін ғана жүкті болуды жоспарлаған абзал. Сонда ғана ана-сәби өлімі жойылады немесе ең болмағанда көрсеткіші төмендейді.
Халықтың сауаттылығын көтермейінше, олар өздерінің денсаулығына сауатты түрде қарамайынша бедеулік мәселесін шешу қиын. Көпшілік "ертеңгі күні ЭКҰ-ға барсам, екіқабат боламын", "үкімет көмектеседі" деп уақытын өткізіп алады. Осылайша әр нәрсеге сеніп жүреді. Біз негізі сенгіш халықпыз. Ана жерден бірдеңе естіп жүгіріп барамыз. Мында бір жүгіреміз. Бір кісіге бір әдіс көмектессе, сол міндетті түрде саған да көмектесетіндей болып тұрады. Олай емес. Тіпті егіз туған екі қыз болса, екеуінің ағзасы екі түрлі. Сондықтан уақытында репродуктологқа барып, ЭКҰ-ға жеткізбей-ақ сәбилі болуға мүмкіндік бар.
Үйленген отбасылар бір жыл ішінде бала көтермесе, дабыл қағу керек пе?
- Негізі жастар отау құрғаннан кейін бір жылдың ішінде бала көтермесе, онда репродуктолог маманға барған дұрыс. Жалпы гинеколог ол репродуктологтың білгенін білмейді. Әрбір қалада, орталықтарда бірді-екілі, өте аз репродуктологтар бар. Олар көмек береді. Егер жасыңыз 35-ке келіп шаңырақ көтерсеңіз, онда жарты-ақ жыл күткен дұрыс. Өйткені 35 жастан кейін ұрық тапшылығы қатты байқалады.
Барған кезде ел бірден ЭКҰ-ға жібереді деп ойлауы мүмкін. Алайда олай емес. Сауатты репродуктолог себебін іздеп, басқа да әдістерді ұсынады. Басқа тәсілмен емдейді. Гормондық стимуляция, ультрадыбыстық мониторинг, гинекологиялық массаж, физиотеорапия, қабыну процесін емдеу немесе лапароскопиялық отаға жіберу сынды тәсілдерді жасайды. Өйткені репродуктолог – сауатты маман.
Бедеулік бойынша қандай мәселе бар? Мемлекет нені қолға алуы керек?
- Енді бедеулік мәселесі Қазақстанда ғана емес, дүние жүзінде бар. Жылдан-жылға көбейіп келе жатқан мәселе. Өйткені экологиялық факторлар әсер етеді. Оны біз жөндей алмаймыз. Себебі дүние жүзі бойынша ер адамның да, әйел адамның да ұрығының сапасы төмендеп келеді. Бірақ адамның өзінің қолынан келетін мүмкіндіктерді қолдану керек. Жастау кезде ұрпақты болуға тырысқан жөн.
Ертеңгі күні ЭКҰ-ға жүгінбей, табиғи жағдайда жүкті болған дұрыс. Көпшілік "бүгін жағдайымды жасап алайын, ертеңгі күні ЭКҰ-ға барып балалы болам ғой" деп ойлайды. Бірақ қазіргі жағдайда жастардың өзінде ерте климакс деген мәселе бар.
Қазіргі заманның айналаның ластануы, химиялануы, радиация. Соңғы жылдары әлемде ауру балалар көп дүниеге келуде. Қазір аутизм деген ауру бар. Әрбір сексенінші бала, тіптен ұлдардың ішінде елуінші бала сондай ауытқумен туып жатыр. Оның бәрі неліктен? Өйткені адам өзінің өмір сүретін ортасының бәрі ластаған. Химиялық, физикалық, радиациялық факторлар бар. Табиғи жағдайдың өзінде сондай балалар өмірге келуде. Жүз баланың ішінде біреу, екеуі мәселемен туады.
Жаһандану дегеніміздің кері жағы осы. Тағы бір мысал айта кетейін. Жас келіншекті көріп таң қалдым. Таңертең шай ішетін қазақ энергетикалық сусынды ішіп отыр. Таңғы асы сол. Ертеңгі күні организмі не болмақ? Ондай жасанды неше түрлі қоспаларды қабылдаған соң әрине, ұрықтың сапасы төмен болады. Дені сау бала тумайды.
Көпжүктілікке қарсы екеніңізді айтып жүрсіз...
- Иә, мен айтып жүрген көпжүктіліктің нәтижесінің басым көпшілігі – уақытынан ерте туған балалар. Ол балаларды күтіп, толыққанды бала, орташа шамамен 2,5 келі салмаққа жеткізу үшін мемлекеттің қыруар ақшасы жұмсалады. Соның бәрі МӘМС – сақтандыру жүйесінен бөлінеді.
Соған кететін қыруар ақшаны ЭКҰ-ның ақшасымен салыстырып көрсек, бір баланы солай күту үшін кететін ақша бір әйелге он ЭКҰ жасайтын ақша кетеді. Оның өзінде дені сау бала болатынына кепілдік жоқ, көбінесе ауру болады. Күнде көмек сұрап жатқан, ДЦП, неше түрлі ауру балалары бар кісілер солар. Қарап отырсаңыз, кейде арзанырақ ЭКҰ-ға көмектессе, яғни эмбриондарды бір-бірлеп салса, ертеңгі күні дені сау сәбилерді дүниеге әкелуге мүмкіндік болады.
Ауру балаларды туып, оларға босқа ақша кетіргенше, басқа жолдарын қарастырған дұрыс деп ойлаймын. 500 грамм деген бала не? Бір уыс қана, көп ағзалары жетілмеген. Жарайды, "жүрегі соғып жатыр, тірі адам" дейміз. Бірақ көбінесе ол ертең ауру бала болады. Өткенде бір маманымыз негізі пациенттерге былай деп түсіндіру керектігін айтып еді. Ұшақпен ұшарда ол 30 пайыз жағдайда құлауы мүмкін. Олай деп айтсаң, ел мінбейді. Ал пациенттерге "көпжүктілік болса, 30 пайыз жағдайда ауру бала туасың" деп ескерту керек. Сонда ғана түсіне бастайды. Сондықтан ақпарат беру, оны халыққа түсіндірудегі басты мақсат сол.
Пациенттер көбінесе егіз болса, үшем болса деп армандайды. Кейде екі эмбрион салыңыз, үш эмбрион салыңыз деп репродуктологпен саудаласып отырады. Маман оны түсіндіру үшін қанша уақыты кетіп, жүйкесі тозады. "Дені сау бір бала туу үшін бір-бірлеп салайықшы" десе де көнбейтіндер бар. Кейде бір эмбрионның өзінен егіз бала болады. Екеу салсаң, үшеу болып кетеді.
Ал егер әйел өзі табиғи жолмен егіз немесе үшем балаға жүкті болса, әрине, ештеңе істемейміз. Акушер-гинекологтар ол балалардың аман-есен дүниеге келуіне, өздігінен босануға рұқсат па, жоқ па, соны анықтап, көмектеседі. Бірақ негізінен бұл балалар уақытынан ерте туып жатады.
Ал бұл дәрігер ЭКҰ процедурасы барысында жатыр қуысына екі немесе үш эмбрион салуы әйелдің өмірі, денсаулығы үшін үлкен қатер. Баланың өмірі мен денсаулығына да ешкім кепіл бермейді. Оларды күтуге мемлекет жүздеген мың доллар қаражат жұмсайды. 22 апта 5 күн болып туылған сәбилерді күту міндеттеледі. Ондай балалардың миы да, көру, есту қабілеті де дұрыс дамымай қалады.
"Біз егіз немесе үшем сәбиге өмір сыйладық, игі іс жасап жатырмыз" деп ойлауымыз мүмкін. Бірақ ақталмаған қаражаттар мен мүгедек балалардың туғанына куә боламыз. Сондықтан біздің міндетіміз – дамыған мемлекеттердегідей ақша санай біліп, сол ақшаны сақтандыруға беріп, дені сау бала туылуы үшін ЭКҰ-ға беру қажет.
ЭКҰ арқылы туған балалар кейін ата-ана атана алмайды деген пікір бар.
- Бұл күлкілі. Өйткені біз репродуктологияның осы саласында 27 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұрын мұндай сұрақтар аз болатын. Неғұрлым ұзақ жұмыс істеген сайын осындай сипаттағы сұрақтар да көбейіп келеді. Бұл балалардың анасы табиғи жолмен жүкті болып, дүниеге келген балалардан ешқандай айырмашылығы жоқ екендігін қайталап айтып келеміз. Айтудан да жалықпаймыз.
Бізге анасы табиғи жолмен көтергеннен туған бедеу жұптар жүгінеді ғой. Логика қайда? Неге осы сұрақ әлі күнге қойылады. Қазір табиғи жолмен дүниеге келгендерді бедеуліктен емдеп жүрсек, ендеше олар неге бедеулікке шалдыққан? Неге ЭКҰ арқылы туылған балалар бедеу болуы тиіс? Иә, олар ата-аналарының тағдырын қайталаулары мүмкін. Көп жағдайда олар өздері бала сүйе алады. Бедеуліктің факторы көп қой.
ЭКҰ-дан туған балалар да толыққанды адамдар. Олар да ата-ана бола алады, ол дәлелденіп қойған. ЭКҰ-дан туған әлемде 10 млн, ал Қазақстанда 30 мың бала қазір адам қатарында өмір сүріп жатыр. Елімізде біздің процедурадан дүние есігін ашқан балаларымыздың алды тұрмысқа шығып, үйленіп, ана-әке атанып отыр.
Көбінесе бедеулік десе, әйелдерді кінәлап шығамыз. Кінәрат ер адамдардың тарапынан да болуы мүмкін?
- Бедеулікке екі тарап та кінәлі. 50-де 50. Әйелдік фактор да, ерлердің факторы да бар. Әйел баланы көтеріп, өмірге әкелетіндіктен біздің дәстүріміз бен түсінігіміз бойынша әйел кінәлі. Кейде ер адамның күші әлсіз болуы да ықтимал. Дәрігерге жүгініп, бірге емделулері керек.
- Дені сау ұрпақты дүниеге әкелу үшін тамақтану режімін де дұрыстау қажет қой?
- Келіндерімізге, жас қыздарымызға тамақтануға қатты мән беруді ұсынар едім. Тағы қайталап айтамын, энергетикалық сусын ішпеңіздер. Смартфонды көп қолдану да зиян. Израильдық ғалымдар смартфондардың сперматозоидтардың хросомалық патологиясына ұшырататынын дәлелдеген. Біз әркімдер кеңес беріп, ұсынатын БАД-тарды көп тұтынамыз. БАД-тарға да әуес болмаңыздар. Мұның барлығының өзінің шегі болуы керек. Тек дәлелді медицинаға сенуге шақырамын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999769-uilengen-otbasylar-bir-zyl-isinde-bala-kotermese-dabyl-qagu-kerek-pe/