Бақытгүл Хаменова сот үкіміне шағым түсірді
Жарияланған күні:
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен оның адвокаты Игорь Вранчев сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Бұл ақпаратты облыстық соттың баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Ө.Адамов пен оның қорғаушысы К.Адамова да аппеляциялық шағым түсірген. Бірақ іс әлі сотқа жеткен жоқ, себебі А.Рысқалиевтың адвокаты Н.Жолболов апелляциялық шағым түсіргенімен, Рысқалиевтың өзі әлі аппеляциялық шағым түсірген жоқ.
Апелляциялық шағым беру мерзімі сотталған адам тергеу изоляторында үкім мәтінін алған кезден бастап есептеледі.
Еске салсақ, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін дайындау мен орнатуға келісім жасасқаны үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін сотталған болатын.
"Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамовқа пара берді деген айып тағылды.
Б.Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты үкімнің орындалуы 3 жылға шегерілді. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік лауазымда қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұдан басқа, сот мемлекет басшысына оны "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді. Жазасын өтеу кезінде оның тергеу изоляторында отырған 11 айының әр тәулігі бір жарым тәулік деп есептелетін болады.
Сот үкімімен А.Рысқалиев 7 жылға, Ө.Адамов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар сот залында қамауға алынды.
Үкім жарияланғаннан кейін экс-шенеунік мәлімдеме жасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999916-baqytgul-xamenova-sot-ukimine-sagym-tusirdi/