Зектілері

COVID-19: Министр "Цербер" штамының белгілері туралы айтты

Жарияланған күні:

Ажар Ғиният және Әсел Кенжалина
Ажар Ғиният. Фото: NUR.KZ/Алена Бутенко

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ажар Ғиният сенат кулуарында коронавирустың жаңа "Цербер" штамы туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Ажар Ғиният "Цербер" штамы – "Омикрон" тектес түр екенін айтты.

"Сіздер біздің "Омикронның" басқа қандай түрлері мен түршелері бар екенін қадағалап, сынап, анықтайтынымызды білесіздер. Жалпы, бүкіл айналымдағы вирустың 0,5 пайызы ("Цербер" штаммы – ред.) айналымда. Ол жеңіл ағымымен сипатталады", – деді министр.

Ол ауру көбіне асимптоматикалық түрде болатынын атап өтті.

Жалпы, министрдің айтуынша, бүгінде еліміздің ауруханаларында 100 науқас жатыр. Негізінен бұл егде жастағылар, екпе алмағандар немесе дер кезінде екпе алмаған науқастар. Оның ішінде 10 адамның жағдайы ауыр.

Кеше Қазақстанда коронавирустың "Цербер" жаңа штамы анықталғаны белгілі болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, мутацияға ұшыраған "Цербер" қазір 65-тен астам елде, соның ішінде Ресей Федерациясы, АҚШ және Еуропа елдерінде анықталған. Жаңа штамның белгілері бұрынғы "Омикронның" түрінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Ауру көбіне жіті респираторлық ауру түрінде жеңіл формада өтеді.

"Цербер" штамы кезінде дене қызуы көтерілуі мүмкін, буындардағы ауырсыну, мұрыннан аздап су ағу, әлсіздік және кейбіреулерде ішек бұзылуы мүмкін. Штамм өте жұқпалы, бірақ ол ерекше қауіп төндірмейді делінген.

Науқастарды диагностикалау және емдеу COVID-19-дың басқа штамдарынан еш айырмашылығы жоқ. Инфекциядан қорғанудың жолы – COVID-19-ға қарсы екпе алу және ревакцинация курсын аяқтау.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1999929-zenil-agymymen-sipattalady-densaulyq-saqtau-ministrliginin-bassysy-covid-19-cerber-zana-stammy-turaly/