Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"5000 доллар жалақы беруге келісті": Шетелде құлдықта болдым деген қызылордалық ару бұл жайлы алғаш рет сұхбат берді

Опубликовано:

Анель Бермағанбет
Фото: instagram.com/anel.bermaganbet

Тамыз айында Таиландқа жұмыс іздеп барып, кейін Лаос елінде "еңбек құлдығына түстім" деген қазақстандық Анель Бермағанбет аталған оқиғадан кейін алғаш рет сұхбат берді. "Атамекен" бизнес арнасындағы "Мир. Итоги" бағдарламасында ол қиын сәттерде басынан өткен жағдайларды баяндады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"2022 жылдың 17 тамызында жұмыс істеу үшін Таиландқа бардым. Сол жерден мені алдап, Таиландтан Лаосқа алып кетті. Осылайша, мен еңбек құлдығына түстім.

Бұл "алтын үшбұрыш" деп аталатын өте қауіпті аймақ. Лаос, Мьянма мен Камбоджа шекараларынан құралған. Өз құқығы, өз милициясы бар. Бұл ешкім бас сұққысы келмейтін аса қауіпті жер саналады. Мұнда үлкен көлемде есірткі саудасы жүріп жатыр. Сексуалдық құлдық, еңбек құлдығы, адам саудасы, адам дене мүшелерінің саудасы, бала саудасы қызып тұр. Мені жатақханаға алып келді. Бір бөлмедегі екі ярусты он жатын орынды көргенде-ақ, өзімнің басқа әлемге түскенімді түсіндім", - дейді Анель Бермағанбет.

Анельдің айтуынша, Таиландтағы жұмысты Дубайдағы танысы арқылы тапқан.

"Алғашында маған криптовалюта бойынша сату менеджері деген жұмыс ұсынды. Мен негізі осы жұмысты көздеп келгенмін. Бес мың доллар жалақы беруге келісті. Өзім немесе тағы бір адаммен бірге тұратынымды айтты. Бұл жерді Дубайда жұмыс істеп жатқан танысым арқылы таптым. Алғаш ұшып келген күні-ақ менде қатты қобалжу болды, өйткені, мүлде басқа жерге келгенімді ұқтым. Екінші күні офистің басшысы саналатын қытайлыққа шығуға тырыстым. Бірақ маған: "Бұл ұшып келіп, кете беретін жер емес. Кем дегенде бір жыл жұмыс істейсің", - деді. Мен билеттің және жатын орынның ақшасын толық қайтаратынымды, тек мені босатуымды сұрадым. Олар, әрине, келіскен жоқ", - дейді Анель.

Қазақстандық бойжеткеннің сөзінше, аталмыш жерден босап шығуына елшілік қызметкерлері мен туған ағасының көмегінен бөлек, әлеуметтік желінің де пайдасы тиген.

"Маған өз елім және Ресейдің елшігілі көмектесті. Интерпол да іске кірісті. Туған ағамның жедел әрекет етіп, барлық елшіге, министрлік өкілдеріне шыққаны да аман қалуыма көмектесті. Содан соң, әлеуметтік желінің пайдасы көп болды. Менің Instagram-дағы жазбаларымды көпшілік жаппай бөлісе бастады, бұл да үлкен резонанс тудырды. Бір қызығы, өзім құлдықта отырғанда Instagram арқылы бір қазақ қызы хабарлама жіберді. Ол бұл істі ушықтырмай, өзі шешіп беретінін айтты. Мен оның соларға жұмыс істейтінін бірден білдім. Адам саудасымен айналысатын қыз. Бір адам сатқаны үшін олар үш мың доллар көлемінде ақша алады", - дейді ол.

Бүгінде аталған қорқынышты жайт Анель үшін үлкен өмірлік сабақ болған.

"Бұл жағдай маған үлкен сабақ болды. Бұл оқиғаға дейінгі Анель мен қазіргі Анельдің айырмашылығы жер мен көктей. Осыған дейін мен Қазақстаннан шетелге шығып, саяхаттағанды жақсы көретінмін. Ал қазір осы сәтімді, қолда барымды бағалап үйрендім. Жақындарым мен туыстарымды бағалай бастадым. Қазақстанды қатты жақсы көретінімді түсіндім. Мен енді бұдан былай өзімнің тұрақты өмірімді қалыпқа келтіруіме тырысамын", - дейді Анель.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000151-bes-myn-dollar-zalaqyga-keliskem-setelde-quldyqta-boldym-degen-qyzylordalyq-aru-algas-ret-basynan-otken-qiyndyqtardy-aitty/

pixel