Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бос уәде берудің қажеті жоқ": Ноғаев Ақтауда ыстық судың тоқтауына қатысты шенеуніктерге сөгіс жариялады

Опубликовано:

Нұрлан Ноғаев
Нұрлан Ноғаев. Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаланы жылу және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Онда бірнеше лауазымды тұлғаға сөгіс жарияланды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ

Жиын барысында Нұрлан Ноғаев тұшыту қондырғысын жөндеуге байланысты ауыз судың қысымы төмендеген "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" кәсіпорнындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

"Жағдайға нақты талдау жасалуы керек, сондықтан жауапты тұлғаларға МАЭК кәсіпорнының жұмысын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Ыстық су беруді тоқтатудың себебі нақты неде екенін тұрғындар білуі керек. Тұрғындар артық сұрақ қойып, мазаны алмаса екен деп, "Ыстық суды бүгін береміз немесе ертең таңертең береміз" деп бос уәде берудің қажеті жоқ.

Кез келген мәселеге ат үсті қарамай кешенді әрі жан-жақты қарастырған дұрыс. Бұл жағдай коммуналдық қызметтер мен уәкілетті органдардың жұмысындағы үйлестірудің нашарлығынан орын алып отыр", - дейді Нұрлан Ноғаев.

Сондай-ақ кеңес барысында өңір басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаровқа, қала әкімі Ербол Ізбергеновке, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевқа, "МАЭК" ЖШС бас директоры Талғат Есентүгеловке және оның орынбасары Мұрат Иғалиевке сөгіс жариялады.

Облыс әкімдігі жариялаған мәліметке сүйенсек, 30 қарашадан бастап Ақтауда ыстық суды тұтыну көрсеткіші күрт өскен. Бұл жағдайға өңірдегі аязда кері әсерін тигізген. Салдарынан су қоймаларындағы ыстық су деңгейінің күрт төмендеуі байқалған.

Осыған байланысты қалаға ыстық су беру шектелген.

"Бүгінгі таңда мәселені шешу үшін барлық күш жұмылдырылды", - деп хабарлайды облыстың баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000304-bos-uade-berudin-qazeti-zoq-nurlan-nogaev-aqtauda-ystyq-sudyn-toqtauyna-bailanysty-birqatar-seneunikke-sogis-zariyalady/

pixel