"1000 теңгеден жинадық": Созақ жастары өз ақшасына ауыл көшесін жарықтандырған
Опубликовано:

Түркістан облысы Созақ ауылындағы "Шақырық" мөлтек ауданының жастары игі іске ұйытқы болды. Олар 1000 теңгеден ақша жинап, ауыл көшесін жарықтандырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басылымның мәліметінше, жастар ауылдағы ұзындығы бір шақырымнан асатын көшелердің біріне жаңадан 36 бағана орнатып, жарық шамдарын жалғаған.
Олар темір бағаналар мен жарық шамдарын қаладан сатып әкелген. Дәнекерлеу жұмысын да белсенді жастар өздері жасаған. Ал жарықты ауылдағы электрик азаматтар тартып берген.
"Қазір көшеміз түнде жап-жарық. Ортақ істен ешкім қалыс қалған жоқ. Қаражат жинауда да жастар өз еркімен белсенділік танытты", - дейді Қайрат Болатбеков.
Басылымның жазуынша, созақтық жастар жеке қор ашқан. Олар ай сайын қорға 1000 теңгеден аударып отырады. Қорға түскен қаражат ортадан құрылған комиссия мүшелерінің шешімімен ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталатын көрінеді.
Созақ жастарының ендігі мақсаты – ауылда жастар саябағын салу болып отыр. Белсенді тұрғындар қазірдің өзінде ауыл әкімдігінен жер сұрап үлгерген. Егер мәселе тез арада шешілсе, құрылыс жұмыстарын көп ұзамай кіріспек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000335-myn-tengeden-zinadyq-sozaq-zastary-oz-aqsasyna-auyl-kosesine-36-bagana-ornatyp-zaryq-tartyp-bergen/