Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алтай Көлгінов Астана тұрғындарына үндеу жариялады

Опубликовано:

Елорда
Фото: elorda.info

Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов астаналықтарға үндеу жариялады. Ол Facebook парақшасында Астана тұрғындарына алғыс айтып, өз жұмысын қорытындылады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Алтай Көлгінов Астана игілігі үшін қызмет атқару өзіне мәртебе болғанын атап өтті.

"Сіздермен бірге астанамыздың игілігі үшін қызмет ету мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Үш жарым жыл бойы өздеріңізбен бірге қаламызды дамытып, түйткілді мәселелерді шешуге, сондай-ақ елорданы одан әрі көркейтуге және өмір сүруге қолайлы ету жолында жұмыс істедік.

Астана әкімі қызметіне кіріскен сәттен бастап күн сайын қала тұрғындарымен кездесіп жүрдім. Сол кездегі басты мәселелердің бірі үлескерлердің мәселелерін шешу болатын. Ұзақ уақытқа созылған әрбір құрылыстың артында пәтерін жылдар бойы асыға күткен мыңдаған адамның тағдыры тұрғанын білесіздер. Осы уақыт ішінде мәселесі қордаланған 16 мыңға жуық үлескер отбасының санын екі мыңға дейін азайттық", - деді ол.

Сонымен қатар Астананың бұрынғы әкімі осы уақытқа дейін қала шетіндегі елді мекендерді дамытуға күш салғанын атап өтті.

"Тағы бір маңызды бағыт – шет аймақтарымызды дамыту. Елорданың әрбір төртінші тұрғыны қала шетіндегі елді мекендерде тұрады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен оларды дамытудың жеке жоспары қабылданды. Шеткері елді мекендерді дамыту бойынша осы уақыт ішінде қыруар жұмыс атқарылды. 700 шақырымға жуық газ құбыры, 42 шақырым су құбыры тартылып, 17 шақырым жаңбыр суына арналған желі, 11 шақырым кәріз желісі салынды. Сондай-ақ елді мекендерде 250 көше, 300 аула және қоғамдық орындар жасалды.

Инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандардың да құрылыс көлемі айтарлықтай көбейтілді.

Осы уақыт ішінде 93 мың оқушыға арналған 45 мектеп салынды. Оның 36-сы жұмыс істеп тұр, тағы 9-ы биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушыға 25 ірі мектепті жобалау басталды. 20 мыңнан астам әлеуметтік пәтерді қамтитын тұрғын үйлер салынды.

Одан әрі жүйелілік үшін қаланың бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, полицентристік аясында 420-дан астам учаске бекітілді. Олардың 158 учаскесі мектептер құрылысына, 185-і балабақшаларға, 78-і емханалар, перзентханалар, оңалту орталықтарына бекітілді", - деді Көлгінов.

Алтай Көлгінов "Ұлы дала" бойынан жаңа көпір ашылғанын да атап өтті.

"Бас аясында елорданы түрлендіру жолында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтар болсам, 900-ден астам аула мен қоғамдық орындарды жақсарттық. Ол жерлерде тұрғындар мен қала қонақтары бос уақытын жайлы әрі денсаулығына пайдалы етіп өткізе алады. Кіші Талдыкөлде экопарк салынады. Оның жобалық-сметалық құжаттары дайын, қаржы да бөлінді.

"Ұлы даланың" бойынан жаңа көпір аштық. Тәуелсіздіктің бойынан тағы бір көпір салынуда. 400 көше жөндедік. Мұның бәрін елорда тұрғындары мен қонақтары игілігіне пайдаланды.

Сонымен бірге, қаланың үнемі дамып отыратын тірі ағза екенін ескерсек, жылумен, сумен, электрмен жабдықтаумен инфрақұрылымдық нысандарды кеңейту және жаңадан салу қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуде әрқашан маңызды рөл атқарады. Астана тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді. Бұл қала басшылығының алдына жаңа талаптар мен жаңа міндеттер қойып отыр", - деді Алтай Көлгінов.

Елорданың бұрынғы басшысы Алтай Көлгінов жазба соңында Астананың жаңа әкміне сәттілік тіледі.

"Елордамыздың дамуы мемлекет басшысының әрдайым ерекше бақылауында. Астана тұрғындарының саны жыл сайын артып келеді. Бұл қала басшылығының алдына жаңа міндеттер мен талаптар қойып отыр.

Шаһарымыздың әрбір тұрғыны қаланың дамуына өз үлесін қосып келеді. Бірлескен жемісті жұмыс үшін баршаңызға және әріптестерге алғыс айтамын. Жаңа әкімнің жұмысына табыс тілеймін", - деп жазбасын аяқтады Алтай Көлгінов.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бүгін Жеңіс Қасымбек Астана қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол Алтай Көлгіновтің орнын басты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2000770-altai-kolginov-astana-turgyndaryna-undeu-zariyalady/