Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мен оны кешірдім": Екі жарым жасында шетелдік дипломат асырап алған қазақ қызы жайлы не білеміз

Опубликовано:

Шетелдіктер асырап алған Наргиз сұхбат беруде
Шетелдіктер асырап алған Наргиз. Скриншот: Jibek Joly TV

24 жастағы Наргиз есімді қазақ қызын Қазақстандағы Нидерланд елшілігінің қызметкері екі жарым жасында асырап алған. Биологиялық ата-анасы қазақ болғанымен, Наргиздің қазіргі әкесі - нидерландтық, шешесі - тайваньдық. Бұл туралы “Жібек жолы“ арнасының "Шетелдегі қазақ балалары" бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Қазіргі таңда Наргиз Нидерланд Корольдігнің Делфт қаласында тұрып жатыр. Жанар Байсеміз бастаған түсірілім тобы жат жердегі қазақ қызымен жолға шығар алдында кездесіп үлгерді. Ол достарымен бір айға Мексикаға саяхаттамақшы екен.

"Мұнда қазақстандықтарды көп көре бермеймін ғой. Сондықтан сіздерді қуана күттім. Маған достарымның бәрі қазақтар бір-біріне өте қатты ұқсайды деп айтады. Әрине, бір ұлт болғасын ұқсаймыз. Менің қайдан екенімді сұрағанда: "әкем - нидерландтық, анам - тайваньдық" деген емеспін. "Қазақпын, Қазақстаннанмын" деп жауап беремін", - дейді Наргиз.

Наргиздің ата-анасы Қазақстанға келмей тұрып-ақ, бала асырап алу туралы шешім қабылдаған. Сол кездері Қазақстан елшілігінде жұмыс істеген дипломат әйелімен ақылдаса келе, Наргизді асырап алуды жөн көреді.

"Алматыда дүниеге келдім. Мені екі жарым жасында асырап алды. Дипломат болғандықтан, олар тағы төрт жыл Қазақстанда тұрды. Осылайша, мен өз елімде алты жасқа дейін тұрдым. Кейін төрт жыл Латвияда қоныс теуіп, он жасымда ғана Нидерланд еліне келдім. Туған анам мені Наргиз деп атаған екен. Асырап алған ата-анам туғандағы есімімді өзгерткісі келмеген. Өмірінің жаңа парағы ашылды деген оймен жаңа есім береді. Сөйтіп, мен Сэлма Йоханна Наргиз атандым. Яғни, Наргиз менің үшінші атым болып қалды", - дейді шетелдіктер асырап алған қазақ қызы.

Наргиз 17 жасында ата-анасынан еншісін алып, бөлек кеткен. Қазір ол құрбыларымен бірге тұрып жатыр. Наргиз халықаралық құқық мамандығы бойынша университетті аяқтаған. Арманы - мықты заңгер болу.

"Кішкентайымда ата-анама неге ұқсамаймын деп, айнаға қарап ойланатынмын. Олардың менің туған әке-шешем еместігін де сезетінмін. Басында өкініш болды. Уақыт өте келе, өзгерте алмайтын нәрселерге шамам жетпейтінін түсіндім. Қазір өзім тәжірибеден өтіп жүрген компанияда жұмысқа қалғым келеді. Төрт тіл білемін: нидерланд, ағылшын, қытай және аздап орыс тілінде сөйлеймін. Әкеммен нидердандыша, анаммен қытайша тілдесемін. Өкінішке қарай, қазақша білмеймін. "Сәлем" деген сөз ғана есімде қалыпты. Қазақша сөйлемегеніме көп болды ғой", - дейді Наргиз.

Наргизді асырап алған әкесі Вихр Слахтер бес тіл біледі. Ол қазіргі таңда Нидерланд Корольдігінің Үндістандағы елшілігінде жұмыс істеп жатыр. Тайваньда жұмыс істеп жүргенінде қазіргі әйеліне үйленеді. Бірақ сегіз жыл бойы бала сүйе алмағандықтан, қазақ топырағына келіп, сәби асырап алады. Уақыт тығыздығына қарамастан, ол Наргизді қалай бауырына басқанын айтып берді.

"Алматыдағы балалар үйінде жетім балалар көп болды. Бізге Наргизді асырап алуға ұсыныс жасады. Біз таңдаған жоқпыз, қызметкерлер осы қыз баланың алғыр екенін айтты. Біз қатты ұнатып қалдық. Оның туған анасының да аты-жөнін білеміз. Ол 19 жастағы студент екен. Екі жасқа дейін қызына келіп тұрған. Кейін басқалардың асырап алуына рұқсат беріпті", - дейді Вихр Слахтер.

Наргиз болса, туған анасын кешіргенін, бірақ оны көргісі келетінін айтады.

"Оның аты - Айнұр. Оны бұл қылығы үшін кінәламаймын. Тек көргім келеді. Шашы иығына түсе ма екен? Көзі қандай? Мұрны қандай? Мен оны еш жазғырмаймын. Мұндай қадамға қиналып барған шығар. Мен оны кешірдім! Қазақстанға барсам, іздейтін шығармын. Тек мені екі жасқа дейін асырап алуға неліктен рұқсат бермегені ойлантады. Мүмкін, мені өз жанына аламын деп ойлады ма екен?!", - дейді Наргиз Сэлма.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001159-men-ony-kesirdim-eki-zarym-zasynda-seteldik-diplomat-asyrap-algan-qazaq-qyzy-zaily-ne-bilemiz/

pixel