Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талдықорғанда жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалардың үйлі болуы үшін жаңа бағдарлама іске қосылмақ

Жарияланған күні:

Баспана
Көрнекі сурет: pixabay.com

Жетісу облысында кезекте тұрған, жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды баспанамен қамту мақсатында, "Жетісу жастары" бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр, деп хабарлайды өңір әкімдігі желідегі ресми парақшасында.

Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"7-20-25" ипотекалық бағдарламасына өзгерістер енгізілді

"Жаңа бағдарлама "жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар" санатындағы баспана кезегінде тұрған Талдықорған тұрғындарының тұрғын үй мәселесін қысқа мерзім аралығында шешуге септігін тигізеді.

"Жетісу жастары" бағдарламасына қатысу арқылы балалар үйінің түлектері жеңілдетілген несиемен жақын арада жеке баспана алып, қоныс тойын тойлай алады", - дейді әкімдік өкілдері.

Әкімдік мәліметінше, жаңа бағдарлама бойынша үй алу үшін несие жылдық 5 пайызбен беріледі, ең жоғары сома – 10 млн теңгені құрайды.

Егер бағдарламаның болашақ қатысушысы құрылыс компаниясынан жаңа тұрғын үй алуды жоспарласа, онда ол үшін бастапқы жарна 0 пайыз болады, ал егер үй немесе пәтер қайталама нарықтан сатып алынса, онда бастапқы жарна 10 пайыз болады. Несие 19 жылға беріледі.

Қолжетімді несиеге қажетті қаражатты Талдықорған қаласының әкімдігі бөліп отыр. Ал несиені "Отбасы банк" береді.

"Жеңілдікпен несие алатын үміткерлердің тізімін әкімдік құрды. Біз "Отбасы банкінде" олардың төлем қабілеттілігін тексеріп, заем береміз. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында несие төлемдері бағдарламаға қатысушылардың отбасылық бюджетіне ауыртпалық түсірмейді. Алғашқы сегіз жылда ай сайынғы төлем 76 600 – 87 600 теңгеге тең болады.

Талдықорғанда пәтер жалдау қазір бұл бағамен бірдей немесе одан да қымбат. Біраз уақыттан кейін несие сомасы 46 400 теңгеге дейін төмендейді. Қолжетімді шарттармен несие алған балалар үйінің түлектері отбасыларымен бірге Жастар үйінің тар бөлмелері мен жатақханадан жеке баспаналарына көшетін болады", - дейді "Отбасы банк" облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев.

Сонымен бірге әкімдік үміткерлерге қойылатын талапты назарға ұсынды:

  • өтініш берген уақытта қатысушының жасы 35 жасқа дейін болуы керек;
  • Талдықорған қаласында кемінде 1 жыл тұрақты тіркеуде болуы қажет;
  • соңғы бес жылда тұрғын үйге меншік құқығы болмауы керек;
  • Талдықорған қаласында таңдаған саласы бойынша кемінде 1 жыл ресми жұмыс өтілі болуы тиіс;
  • "Жетім немесе ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар" санатында болуы қажет.

Сонымен бірге жергілікті әкімдік бағдарламаға қатысу үшін өтініштер қашан және қайда қабылданатыны туралы ақпаратты қосымша хабарлайтынын атап өтті.

Тағы бір ескеретін жайт, жеңілдікпен несие алатын үміткерлер пулына көп балл жинаған қатысушылар енетін болады. Балды есептеуде некеде тұрған жыл саны, балаларының бар-жоқтығы, жұмыс орны мен өтілі, мамандығы, жеке кәсіпкер ретіндегі тәжірибесі, Талдықорған қаласында тіркеуде тұру мерзімінің ұзақтығы және т.б. ескеріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001496-taldyqorganda-zetim-zane-ata-ana-qamqorlygynan-aiyrylgan-balalardyn-uili-boluy-usin-zana-bagdarlama-iske-qosylmaq/