Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Екінші рет күйеуге шығудан қорықпау керек": Бірінші некесі сәтсіз болған алматылық әйел бақытын қалай тапқанын айтты

Жарияланған күні:

Қуат Отарбаев пен Маржан Әбілдаева
Қуат Отарбаев пен Маржан Әбілдаева. Фото: АйнаLine жобасы

Алматы қаласының тұрғындары Маржан Әбілдаева мен Қуат Отарбаевтың шаңырақ құрғанына үш жыл толды. Бұл - екеуінің де екінші некесі. Жақында Хабар арнасындағы АйнаLine жобасында қонақ болған ерлі-зайыптылар өмірдегі қиындықтарды жеңіп, бақытты болуға ұмтылу керектігін айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Маржан Әбілдаева бірінші жарымен 3 жыл бірге тұрған. Алайда, мінездері келіспей, ортақ шешімге келмегендіктен, алты жыл бұрын ажырасып кетеді. Бірінші некесінен екі қыз тәрбиелеп отыр.

Қуат Отарбаев осыдан екі жыл бұрын әйелімен дәм-тұзы жараспай, ажырасу туралы шешім қабылдаған.

"Арада бір ұл бар. Бала деген бауыр етің ғой. Демалыс күндері кездесіп тұрмыз. 2017 жылы үйленіп, ажырастық. Алимент төлеймін", - дейді ол.

Қазіргі таңда Қуат пен Маржанның үйленгеніне 3 жыл толды. Бірінші некеде жолы болмаған екеуі алғашында қатты қорқыныш болғанын жасырмайды.

"Қатты қорықтым. Бірінші некем сәтсіз болған соң, қандай адам жолығады деген уайым болды. Қуанышқа қарай, маңдайыма жақсы адам кезікті", - дейді Қуат.

Ал Маржан болса, екі қызына әке болатын адам өгейлік көрсетпесе екен деп тілеген.

"Өгей әке деген сөздің өзі жаман естіледі ғой. Оның үстіне, қазір қоғамда неше түрлі жағдай болып жатыр. Сондықтан, қыздарымның өмірі үшін қатты алаңдадым. Алайда, қыз балаға әке керектігін де жақсы түсіне бастадым. Үлкен қызым: "Егер әкем болғанда", деген әңгімелер айта бастады. Кейін ортақ достарымыз арқылы Қуатпен таныстым. Нағыз әйел бақытын осы кісімен бірге болған соң түсіндім. Менің бірінші некемде мұндай бақыт болмаған. Әдетте, әйел адам еркектің басын төрге сүйрейді деп айтып жатады. Бірақ қанша сүйресең де, төрге шықпайтындар болады", - дейді ол.

Сондай-ақ, Маржан қыздарын өзінен де қатты жақсы көретін әкенің кездесуін құдайдан сұрағанын жасырмайды.

"Алла маған не сұрасам, соны берген екен. Дұғамды қабыл етті. Қорқыныш деген маған жақсы таныс. Бірақ әйел адам бақытын өзі жасайды. Жақсыдан үміттеніп, өзіңізбен жұмыс істеу керек. Қыздарыма жақсы әке жолықса деп, қатты тіледім. Тілегім қабыл болды", - дейді ол.

Ал бағдарламаның жүргізушісі әрі танымал отбасылық психолог Ержан Мырзабаев болса, ажырасқан әйелдерді екінші рет күйеуге шығудан қорықпауға шақырды.

"Екінші рет күйеуге шығудан қорықпаңыз. Өйткені, бірінші неке сізге тәжірибе болды. Екіншіден, өгей әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты реттейтін - әйел. Егер еріңіз сізді сыйлап тұрса, мұны да шешуге болады", - дейді психолог.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001530-ekinsi-ret-kuieuge-sygudan-qoryqpau-kerek-birinsi-nekesi-satsiz-bolgan-erli-zaiyptylar-oz-baqytyn-qalai-tapqanyn-aitty/