Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Алдарында отар-отар қой": Ақтөбе облысында бес жыл бойы қылмыс тіркелмеген ауыл жастары мал бағып жарысуда

Опубликовано:

Тасқопа ауылы
Тасқопа ауылының сыртқы көрінісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тасқопа – Ақтөбе облысындағы ерекше ауылдардың бірі. Аядай ауылда бес жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ауыл жастары мал бағып жарысып жүр. Ауызбіршіліктің сыры неде? KAZ.NUR.KZ тілшісімен тілдескен ауыл ақсақалы ынтымағы жарасқан мекендегі бірлік пен берекенің сырын ашты.

Ақтөбеден 270 шақырым, Темір ауданынан 90 шақырым қашықтықта жатқан Тасқопа ауылында 700-ден аса тұрғын бар. Оның ішінде жастар саны 100-ден асады. Шаруаға жайлы өңір - болашағы зор ауылдардың қатарында. Жері шұрайлы, шөбі шүйгін, малға да, жанға да қолайлы. Ауыл балалары жастайынан еңбекке үйренген.

Тасқопадағы тіршілікті баяндаған Нұрлан қария ауылда келеңсіз оқиғалардың болмауын еңбекпен байланыстырады.

Нұрлан Қалмағамбетов
Нұрлан Қалмағамбетов. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Тырбынып еңбек етіп жатқан елміз. Ауылда қарап жүрген адам жоқ. Көрші жатқан Маңғыстау, Атырау облыстарын шөппен қамтамасыз етіп отырған өңірдің біріміз. Шабындық кезінде ауылдың барлық баласы жатпайды. Бірін-бірі ертіп, шөпке шығады. Одан ешкімнен кем боп жүрген жоқ.

Алдарында үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қойлары бар. Ауыл жастары бала күннен еңбектің дәмін татқан. "Маңдай тер" деген сөзді түсінеді. Елдің ырысы - еңбек пен ауызбіршілік. Жұмыс істеп жүрген жастардың басқа нәрсеге бұрылуға мұршасы жоқ. Бар құпиямыз – еңбекте", - дейді Нұрлан Қалмағамбетов.

шаруа қожалығы
Шаруа қожалығы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тасқопа ауылы мал шаруашылығы және мал азығын дайындаумен айналысады. 24 шаруа қожалығы бар. Олардың арасындап шаруаны үйіріп отырған жастар аз емес. Ақболат - солардың бірі. 32 жастағы азамат төрт баланың әкесі. Әскерден келгеннен кейін отбасын құрып, шаруамен айналысуды бастап кеткен. Келіншегі - мектепте тәрбиеші. Ірі-қара мал өсіріп, мал азығын дайындауды кәсіп етеді.

Тасқопа ауылы
Тасқопа ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"2019 жылы шаруашылықты бастадым. 500 гектар жер алдым. Шөп шабатын техникаларым бар. Жаз бойы шөпте, қыс болса малдың басында боламыз. Алғашқыда қорамда он шақты ғана ірі-қара болатын. Қазір мал басы көбейіп келеді. Мал баққан жалғыз мен емес. Шаруада жүрген жастар көп. Әрдайым араласып, бір-бірімізге қолғабыс етеміз. Үлкен кісілер ақылдарын айтып, мал басын көбейтудің жолдарын түсіндіріп отырады. Бос жүрген адам жоқ. Ауылдың жағдайы жақсы, шүкір", - дейді кәсіпкер Ақболат Шонов.

Тасқопа ауылы
Тасқопа ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауылдың тағы бір ерекшелігі соңғы кезде көпбалалы отбасылар көбейген. 32 ана алтын, күміс алқа иегері.

ауыл балалары
Ауыл балалары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мұндағы бой көтерген жаңа мектеп жастардың ауылда тұрақтап қалуына көп септігін тигізген. Екі жыл бұрын ауылға көгілдір отын мен ауыз су кіргізілген. Байқағанымыз - тұрғындардың ауыл әкіміне айтар алғысы көп.

Ауыл көрінісі
Ауыл көрінісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Барлығы ауыл тұрғындарының еңбегі. Ауылда Бақтығали Көшбаев есімді азамат бар. Мал бағып, ауыл жастарына үлгі болып отыр. Көптеген жас сол кісінің ізінен ерді. Малдың жақсы табыс көзі екенін көрсетті. Біздің ауыл көрші аудандар мен басқа облыстарға да мал азығын дайындап береміз. Сондықтан жастарымыз табыстың еңбекте екенін түсінді", - дейді Тасқопа ауылының әкімі Марзия Жаниязқызы.

Тасқопа ауылы
Тасқопа ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Құт қонған ауылдың құндылығы көп. 2019 және 2022 жылдар аралығында археологтар қазба жұмыстарынан кейін Тасқопа қорымынан Сармат дәуіріне тиесілі көсемнің алтынмен әшекейленген киімі тапқан.

Тасқопа ауылы
Тасқопа ауылындағы ескерткіш. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бір-бірімен ағайындай араласып отырған ауылдағы өмір еңбекке шақырады.

Авторы: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2001818-aldarynda-otar-otar-qoi-aqtobe-oblysynda-bes-zyl-boiy-qylmys-tirkelmegen-auyl-zastary-mal-bagyp-zarysuda/