Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оралдағы зауыт пен әкімдік арасындағы сот тағы да аяқсыз қалды

Опубликовано:

"Кублей" зауытының жұмысшылары
"Кублей" зауытының жұмысшылары. Видеодан кадр: AIBAT жаңалықтар қызметі

Оралда “Кублей” дауына қатысты кезекті сот отырысы өтті. Тараптар бұл жолы қалалық соттың ”бітімге келіңдер“ деген ұсынысына қарсы шықты. Сөздерінше, мәселе ортақ мәмілемен шешілмейді, не зауыт жабылып, немесе салынған үйлер сүрілуі керек. Облыстық сот шешімін “7-арнаның” AIBAT жаңалықтар қызметі хабарлады.

Телеарна мәліметінше, әкімдік пен зауыттың соттасып жатқанына екі жылдан асқан. Бұған дейін Орал қаласының соты қос тараптың қарсылығына қарамастан шешімді кейінге қалдырып, тараптарды ымыраға келуге жіберген болатын.

Алайда зауыт өкілдері де, әкімдік те татуласуға қарсы болып отыр. “Кублей” қорғаушыларының шағымы бойынша аппеляцияны қараған облыстық сот істі тағы да созған.

“Қарау қорытындысы бойынша сот актісі өзгертілді, бірінші сатыдағы сот ұйғарымының қарар бөлігіне іс жүргізуді 10 жұмыс күніне тоқтата тұру туралы түзетулер енгізілді. Қалған бөлігінде соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалды”, - деді БҚО сотының баспасөз қызметі.

Істің ұзаққа созылуына қос тарап та қарсы болып отыр. Заңгерлер материалдарды үкіметке жіберіп, ұстанымын күтуін Азаматтық кодекске қарсы деп есептейді.

“Бұл шағымды біз судьяның барлық дәлелге қарамастан, сот шешімін шығарудың орнына тараптарды ымыраға келтіру үшін өндірістік істі тоқтатып тастағаны үшін түсірдік. Бұл – заңсыз. Азаматтық іс жүргізу кодексінде пікірталастан кейін соттың шешім шығару керегі анық жазылған. Алайда, судья мұны есепке алмай, материалдарды үкіметке қайта жолдап отыр. Мақсат үкіметтің ұстанымын білу шығар, бірақ мұндай норма да Азаматтық іс жүргізу кодексінде жоқ”, - деді “Кублей” ЖШС заңгері Жәнібек Башанов.

Телеарна дерегіне сүйенсек, 10 күннен кейін екі жақ достаспаса, іс қайтадан Орал қалалық сотында қаралады.

Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын Орал әкімдігі ”Кублей“ зауыты тұрған санитарлық аумаққа үй салуға рұқсат берген. Құрылыс компаниясы 4 көпқабатты баспананың іргесін қалап, жартысына тұрғындарды қоныстандырып қойыпты. Енді сот ”Кублей“ есебіне шешілсе, баспаналар сүріліп, тұрғындар далада қалады. Ал, әкімдік жеңіске жетсе 700 мың адам жұмыс істейтін Қазақстандағы жалғыз консерві зауыты біржолата жұмысын тоқтатады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2002695-oraldagy-zauyt-pen-akimdik-arasyndagy-sot-tagy-da-ayaqsyz-qaldy/

pixel