"Ғажайып ертегіні көрсетеміз": Алматыда әлемдік балет жұлдыздарының қатысуымен жаңажылдық балет қойылымы өтуде
Жарияланған күні:
Алматылықтар мен қала қонақтары 27-28 қаңтар күндері Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрында «Щелкунчик» балет қойылымын тамашалай алады. Әлемдік балет жұлдыздары қатысатын жобаны Jusan bank қолдап отыр.
Жаңа жыл қарсаңында ертегі әлеміне тап болғандай ерекше әсер беретін «Щелкунчик» балеті - импресарио Эльбрус Имамбаевтың жұмысы. Бірегей жобаның бас серіктесі - Jusan bank.
Екі күн қатарынан болатын қойылымда өнерсүйер қауымға әлемдік театр жұлдыздары Чинара Ализаде мен Владимир Ярошенко мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Қойылымның прима балеринасы Чинара Ализаде Мари партиясын, ал балет премьері Владимир Ярошенко Ханзада партиясын орындамақ. Әлемдік деңгейдегі балет шеберлері - Польшаның Teatr Wielki -Opera Narodova театры өкілдері.
Айта кетейік, академиялық өнердің биік шыңы саналатын «Щелкунчик» балетіне биыл 130 жыл толып отыр.
«Щелкунчик» қойылымының 130 жылдығына орай бізді бас серіктесіміз Jusan bank қолдады. Сондай-ақ Варшавадан келген әріптестерге алғыс айтамыз. Олар Алматыны ұнатып қалды», - дейді Эльбрус Имамбаев.
Ал театрдың бас дирижеры Ерболат Ахмедьяров бұл «Щелкунчиктің» несімен ерекше екенін айтып берді. Оның сөзінше, классикалық балет, опера шығармаларының басты құндылығы - оның музыкасы.
«Бұл жерде бастысы – Петр Чайковский музыкасы. Екіншіден, бұл қойылымның ерекшелігі – әртістер Абай опера және балет театрының қойған хореографиясын билейді. Кішкене өзгешеліктер бар. Сондай-ақ қойылым әр әртістің кәсіби деңгейі, өзін сахнада ұстауына, актерлік ойынына да байланысты», - дейді ол.
Бүгін кешке басталатын спектакльге қызу дайындалып жүрген прима-балерина Чинара Ализаде де қойылым алматылықтардың есінен кетпейтініне сенім білдіреді.
«Біз осында, Алматыға келгенімізге қуаныштымыз. Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Эльбрустың шақыртуын ризашылықпен қабыл алдым. Алматылықтарға ғажайып ертегіні көрсету үшін бүгінгі кешті асыға күтеміз», - дейді Чинара Ализаде.
Ал балеттің премьер актеры Владимир Ярошенко Қазақстанға екінші рет келіп тұрғанын айтады.
«Бұл менің Қазақстанға екінші келуім. Алғаш рет Астанада 2006 жылы болып, театрда өнер көрсеттім. Алматы да әдемі қала екен. Бүгінгі кеште қала тұрғындарына эмоция сыйлап, мерекелік көңіл-күйді көтереміз деп ойлаймын. Осы ретте Эльбрус Имамбаевқа бізді шақырғаны үшін алғыс айтамын. Дирижер Ерболат Ахмедяров та өз ісінің майталманы», - дейді Владимир.
Бұл ретте Jusan bank өкілі Айнұр Тлесова «Щелкунчик» әртістеріне ерекше алғыс білдірді.
«Jusan банк, өздеріңіз білетіндей, креативті экономиканы дамытуда үлес қосуда. Мәдениет және өнер қайраткерлерін қолдауда үлкен жұмыстар атқарылып жүр. «Әрбіріңе сенеміз, саған сенеміз» деген ұранмен түрлі коллаборациялық іс-шара өткіздік. Осы ретте банк Жаңа жыл мерекесіне орай алматылықтарға керемет көңіл-күй сыйлауды жөн көрді. Жұлдыздарға біздің шақыртуымызды жерге тастамай, қабыл алғаны үшін рахмет», - дейді Айнұр Тлесова.
Жүз жылдан аса көрермен көзайымы болып келе жатқан «Щелкунчик» балеті десе еске бірден жаңа жыл мерекесі түседі. Ғажайыпқа толы спектакльдің әуені әрбір адамға осы мерекенің жақындағанын сездіреді.
Жаңажылдық көңіл-күйге толы әдемі қойылымды тамашалағыңыз келсе, 27-28 қаңтарда 19:00-де Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театрына асығыңыз. Атақты композитор Петр Чайковскийдің мейірімді қыз бен жас жігіттің махаббат хикаясы туралы ертегісі көрген жанды еріксіз елітетіні сөзсіз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2003280-gazaiyp-ertegini-korsetemiz-almatyda-alemdik-balet-zuldyzdarynyn-qatysuymen-zanazyldyq-balet-qoiylymy-otude/