Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мәслихат Астанадағы жаңа ауданның атауын бекітті

Опубликовано:

Астана көрінісі. Фото
Астана көрінісі. Фото: pixabay.com

Астанада мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, онда бас қалада құрылған жаңа ауданға атау беру мәселесі қаралды. Осылайша елордадағы жаңа аудан Нұра деп аталатын болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының айтуынша, 2022 жылдың 1 желтоқсанында ономастикалық комиссия отырысы өтіп, онда жаңа аудан құру және оған ат беру мәселесі қаралған. Сонымен бірге, оның айтуынша жаңа ауданның атына екі нұсқа ұсынылған. Олар - Қараөткел және Нұра.

"Біз атауларды еліміздің тарихы мен географиясына байланысты қарадық. Нәтижесінде ономастикалық комиссияның күн тәртібінде екі атау ұсынылды. Біз бірыңғай бір атауға тоқталуды жөн көрдік. Яғни, Нұра деген атауды таңдадық. Өздеріңіз білесіздер, ол Қарағанды және Ақмола облыстарында орналасқан өзеннің атауы болып табылады.

Сол себепті Нұра - ел географиясындағы негізгі өзендердің бірі. Бұрындары Есіл мен Нұра бірыңғай бір өзен деп саналған. Осы тұсты ескере отырып, біз елорданың сол жағалауында аудан атаулары Есіл және Нұра болсын деген шешімге келдік. Мысалы Тигр мен Евфрат, Әмудария мен Сырдария дегендей", - деді Сәкен Есіркеп.

Жаңа ауданға атау беру мәселесі мәслихат депутаттарының қарауына беріліп, олар да бірауыздан "Нұра" деген атауды қолдады.

Айта кетейік, биылғы жазда елорда әкімдігі Есіл ауданын екіге бөлу мәселесін қарастырған еді. Осылайша қараша айының соңында жаңа ауданның шекарасын анықтайтын қаулының жобасы жарияланған.

Ал желтоқсан айында жаңа ауданға өзен атауы берілетінін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2003404-maslixat-astanadagy-zana-audannyn-atauyn-bekitti/