Алматыда құбыр жарылып, бірнеше көшені су басты
Жарияланған күні:
Бүгін түнде Алматыда су құбыры жарылып, салдарынан бірнеше көшені су басты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 13 қаңтар күні түнгі сағат 03:40-та Мыңбаев-Әуезов көшелерінің қиылысында құбыр жарылған.
"Су құбырының жарылуы салдарынан, солтүстік бағытта орналасқан көшелерді, негізінен Әуезов көшесін су басты. Қазіргі таңда су Райымбек даңғылына дейін жеткен және сол жерде шамамен арық жүйесіне құйылып жатыр", - дейді басқарама өкілдері.
Сонымен қатар басқарма өкілдері көктайғақтың алдын алу үшін Алматы тазалық МҚК қызметкерлері су басқан көшелер мен тротуарларға көктайғаққа қарсы материалдар себуге кіріскенін жеткізді.
Сондай-ақ ведомство апат салдары бүгінгі күннің соңына дейін жойылатынын атап өтті.
"Су басқан жерлерде көктайғақтың пайда болу ықтималдығын ескере отырып, су басқан аумақтарда жол-көлік апатының алдын алу мақсатында, көлік жүргізушілерін жылдамдықты азайтуға, көлік арасындағы арақашықтықты сақтауға және лезде маневрлер жасамауға, мүмкіндігінше аталған аумақтарды айналып өтуге кеңес береміз. Ал жаяу жүргіншілерді тротуарлармен жүргенде барынша сақ болуға шақырамыз", - дейді басқарма өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2005199-almatyda-qubyr-zarylyp-birnese-koseni-su-basty/